Джаң Чыңджы “Ескі айда есірке”

Аудармалар 译著 No Comments on Джаң Чыңджы “Ескі айда есірке” 24

Джаң Чыңджы –  1948 жылы Пекинде туған. Ұлты Дүңген. Шығармаларын Қытай тілінде жазады. Әңгіме, повестері бірнеше мәрте бүкілқытайлық әдеби байқаулардың бас жүлдесін жеңіп алған. Бүгінге дейін отызға тарта прозалық кітаптары жарық көрген болса, олардың дені көптеген шет ел тілдеріне аударылды. Оның есімі 1987 жылы Англияның Кембридж университеті құрастырған «Әлемнің әйгілі адамдары» энциклопедиясына енгізілді.

Ескі айда есірке

(әңгіме)

Күн батып, қас қарайып барады. Бірақ тыңы көтерілген тастақ тақыр таудың жондарында бір қабат қанқызыл шапақ байқалады. Яң Сань қарт есікті серпіп ашып далаға шықты да, саумал самал құшағындағы тауға шола бір қарап қойды. Бұрынғыдай егін егілмегені болмаса, сай-сала мен қырқа-жондар бәз-баяғы қалпында. «Екпейтін болдық, – деп ойлады ол басын шайқап қойып, – шыжыған күннің астында, таз қырқаның басында азаптанбайтын болдық».

Расында, күндіз тау басындағы егінді баптап жүрген кезде, алыс-жақындағы тырдай жалаңаш қырқа-жондар мен сай-салалар көрер көзге қып-қызыл өрттей басылар еді. Қазір бұл таулар құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Тақыр тау бір аяғын етектегі өзенге қарай көсіп жіберіп жатқан тәрізді, ал өзен болса аяқты айналып өту үшін ирелеңдеп, иін болып ағып жатыр. Яң Сань қарт жолмен аяңдап келеді. Ара-тұра етігінің тұмсығымен жолдағы тастарды нұқып-нұқып қояды. Сай тағанында қатып қалған қалың кір-қожалақ мұздан өшкін сәуле шашырайды. Сай өте терең еді, недәуір жүргенде барып тағанына таяп келді. Төңірек тастай қараңғы. Жоғары жақта биіктігі әр келкі өлеусіреген шырақтар көзге түседі. Шырақ жарығымен көздеріне қағаз жапсырылған терезелер мен үйлердің қоршау қабырғаларын анық байқауға болар еді.
Өзен жағасындағы жолда еш кім көрінбейді. Қыстың күні жұрттың бәрі астықтарын есік алдындағы шағын алаңқайда тазалайды. Біраздан соң-ақ қыстың қысқа күні шолтаң етеді де, қараңғы түсіп, көз байланады. Шуалған ұзын сайдың бас-аяғынан пыр етіп ұшқан құс та көрінбеді.
Тастақ жолда аяңдап келе жатқан Яң Сань қарт тың көтеріп, шөп егу туралы ойлап келеді. Әнеу күні «Джип» машинамен жүрген сары шашты, көк көз – шетелдік қызға ілесіп ауданның, ауылдың игі-жақсыларының бәрі келген. Бұл сонда әлгі шетелдік қызбен бірдеңе деп сөйлесіп қалған болатын, сондағы ұққаны – мына тақыр таудан тың көтеруде оның да үлесі бар көрінеді. Қысқасы қағидасыз қадамы, жоспарсыз жүрісі жоқ. Яң сань қарт солардан естіген үр жаңа сөз-сөйлемдерді есіне алды, айтуларына қарағанда, мына таудың таз-тақыр сай-саласы жасыл шалғынмен көмкеріліп, кәдімгі кинодан көретін шетелдің жері сияқты болып жайнап тұрмақ.
Кеш кірген сайын белі мен екі саны сырқырап қақсай бастаған Яң Сань қарт «мешітке енді барғанмен ақшам намазы басталып кеткен шығар» деп ойлады. Қараңғы түсті. Бірақ түн қараңғылығындағы тақыр таудың жондарындағы бір қабат қызғылт шапақ әлі сөне қойған жоқ. Ол шалқайып аспанға қарап еді, шарбы бұлттардың да түсі қарауытып, ө жер, бұ жерден бір неше үлкен жұлдыз жылт-жылт етеді. Ол қартайғанын да, күш-қайраттың кеткенін де бүгін байқағандай. Қарамайсың ба, бидай ұнынан жасалған кереметтей қуатты кеспеге тойып шыққанымен, аяқ-қолын, белін жаза алмай келе жатқанын. Ал баяғы кезі болса, қарып пісірген бір картоп кеңірдегінен өтер-өтпестен-ақ қайраты асып, күші тасып шыға келуші еді. Бұл сай да күнде көріп жүрген баяғы сай. Тақыр таудың бір аяғы етектегі өзен ішінде жатыр. Осы таудың бөктерінде жүріп-ақ ғұмырының неше ондаған жылын артқа тастапты. Түн қараңғылығы қоюлап, сай аңғары жайлап кеңейіп келеді. Өшкін тартқан тау көлеңкелері де бірте-берте түн пердесімен тұтасып кетті. Тіпті тұтас Шихайгоуды сүзіп шықсаң да, қыстың күндері сайдың бәрі осылай аңырап, қаңырап жатады. Осынау сай-саланы өмір бойы күн құрғатпай көріп келе жатқан ол, енді міне белі бүгіле бастағанда ғана азаптан арылатын күннің таяп қалғанын аңғарды.
Сай тағанындағы жазық әжептәуір ретке келіп қалыпты. Жыртып тастаған жердің қыртыс топырағын түн қараңғылығында да байқау онша қиын емес. Соқаның иір-қиыр етіп жыртып кеткен шұңқырларына мұрнағы күнгі қар толып қалыпты. Яң Сань қарт жыртылған жердің шұңқырын қызықтап біраз тұрды. Оның өгіз соқамен жыртқан жері жұрттың бұзаубас трактормен жыртқан жерінен әлде қайда терең де қалың болатын. Өлеусіреген жұлдыз жарығында жыртылған жердің тарам-тарам солдары жан бітіп кеткендей, ирелеңдеп, толқынданып жатқандай сезілді.
Мынау өзі неткен тымық сәт еді! Жым-жырттығы соншалық, тіпті дүн-дүние терең ойға шомып кеткендей. Таудағы өсіп тұрған егінді қиратып, шөп отырғызатын болғандықтан ба, әйтеу арса-арса болып жыртылған, қуыс-қуысна қар толып қалған қызғылт қырқа бір түрлі беймаза күйде секілді.
Ол жыртып тастаған сай тағанымен баяу жүріп келді де, жұлдызды аспанның алакөлеңке жарығымен өзеннен өтті. «Егер бұл тауға шынымен де шөп өсетін болса, менің бала кезімдегі секілді, ауыл балалары да сиырларын, қойларын әкеліп осында жаятын еді ғой» деп бір ойлаған ол, әнеу күнгі БҰҰ-нан келген әлгі көк көз, сары қызға баяғыда үйлерінде екі тұяқ қой болғанын, бала кезінде сол қойларды баққанын, тасты қалай қыздырып, қалай картоп пісіріп жегенін айтып бергенін есіне алды. Сары қыз ішек-сілесі қата күлгенде, бұл оның күлкісінің онша байыбына бара алмай қалды. Баяғыда бұл сайларға да шөптің жақсы шыққан кездері болған. Ол кезде түнде жел тұрса мұндағы сай-саланың бәрінен шөп пен егін майсасының сылдырлаған үні естілетін. Кейін жыл өткен сайын бұл араны қуаңшылық қысып, шөл далаға айналып кетті. Яң Сан қарттың ойынша, адамдардың шер-шеменінің салдарынан осынау алып тау да қуарып кетті.
Ол қарайған жерлерді сипалап жүріп, өзен жағасын тауып алды. Сосын аяғын бір жарқыраған мұздың үстіне қойды да, ырғап-ырғап табанының орнықтылығын байқап көрді. Түн жамылып жатқан өзен арнасындағы мұздың бетін бір қабат шаң жауып қалыпты, жан-жағын таулар қоршап тұрған өзен аңғарынан ескен ызғар бет қариды. Ол мұз үстінде, қақсап ауырып тұрған аяғымен жайлап жылжи бастады. Мұз қатқан өзен үстінен қарағанда анау жым-жырт таудың тас реңі анық көрінеді екен. Сайдағы төмпешіктер мен таудағы тастардың бәрі де құлақтарын түріп, бірдеңені күтіп тұрғандай. «Иә, шөп өсіру деген де оңай шаруа емес қой», – деп ойлады Яң Сань қарт, Тастысайдың ар жағында Айлысай, Барыстысай, Уаң әулетінің сайы бар. Ал анау алдыңғы жақта мешітке иықтасып жатқан арна, одан әрі қарай Өрікті сай, Теміресек сайы, Оттас сайы, Тас ауыз сайлары жатыр. Айта берсең тұтас Шихайгоу, Шығыс Гансудың жартысы, тіпті сонау Ланьджоуға дейін осындай таз-тақыр таулар мен лайсаң өзендер болып келеді. Соның бәріне көк шөп өсірмек пе, сонда? Ол басын шайқады. Ол ілби басып келеді. Белі мен аяғы ауырғаннан аттап басуы мұңға айналды. Қарт ахунның жетекшілігімен жұрт ақшам намазын баяғыда бастап кеткен болу керек деп ойлады ол. Дегенмен, мынау тың көтеріп, шөп егу науқаны мықтап қолға алынған дүние секілді ғой, оның үстіне оған БҰҰ араласып отырса керек. Ұзын құлақтың айтуынша әлгі сары қыз қыруар ақша әкеліпті дейді. Осы жолы келгенде былтырғы отырғызылған ағаштардың қаншауының қатарға қосылғанын бір-бірлеп санап шығыпты. Сол қыздың аты қалай еді өзі? Бу-дан басталады, … жоқ, Булаң ба еді? Тіл келмейтін шетелдік есім қайдан есінде қалсын. Мана кешкі астағы кеспе көжені тарта ішсе де болмақ екен… «Мешітке барғанмен ақшам намазы баяғыда басталып кеткен шығар» деп жобалаған ол жаралы аяғын сүйрете басып, әрең жылжып келеді. Сосын «ниет дұрыс болмай тұр ғой» деп іштей өзін жазғырып қойды.
Ол осынау мұз қатқан өзеннің екі айырылған тұсынан өткеннен кейін, таудың үш сайы келіп қосылған жеріндегі өзен жағасына көз тастады. Жағалау шөгіп қалған қара бұлт секілді қарауытып жатыр. Кейбір ағаштардың көкке шаншылған биік бұтақтары барандап барып, қаракөк аспанмен тұтасып кетіпті. Ол қарауытқан жағалаудан мешітті анықтап көргісі келіп, көзін үлкенірек ашып, қадалыңқырап қарап еді, еш нәрсе көрінбеді. Бірақ қараған жағында әр тұстан келіп түйіліскен таулардың тұмсығы, өзен суы, әлде неше қатар тал-теректер, сондай-ақ үшкіл күмбезді мешіт бар екені көкейінде сайрап тұрды. «Түн болды, – деп ойлады ол, – алдыңғы жағым қоңыржай қараңғылық». Баяғыдан бергі оның көзіне қанық нәрселер мен көкейінде берік орныққан дүниелердің бәрі де осы сәтте жым-жырт түн құшағына еніп кетті.
Егер күндіз немесе айлы кеште қарасаң, өзенді орай қоршаған мына жағалаудан бір түрлі судың лебі есіп тұрар еді. Ал тал-теректердің бұталары арасынан жаңа мешіттің күмбезіне қойылған жарты ай көрінер еді. Мыс жарты ай анадайдан жарқырап, жұрт көңіліне бір түрлі қуаныш пен жуаныш ұялатар еді. Яң Сань сол жарты айға алыстан қарағанды қатты ұнататын. Ол жайлап жүріп келеді. Сырты жартылай жасыл кафелмен қапталған мешіт қарт диқанның көз алдына елестеп келеді. Арғы-бергі заманда Ганьсудың шығысындағы тау-даладан, жұтаңдығы жұртқа белгілі Шихайгоудан бұндай сәулетті құрылыс көрген емес. Бұрын қайда бұндай мешіт, анау талдардың арасында топырақтан соғылған үш бөлмелі ескі үй болатын. Осы ауылдың тұрғыны болмаса, сырттан келген елді әлгі үйді мешіт дегенге сендіру қиын еді. Жұрт аяқтары, бет-ауыздары топырақ-топырақ болып жаман бойраның үстіне тоңқаңдап намаздарын оқи беретін. Әлгі ескі үйдің төбесінде де бір жарты ай шаншулы тұратын. Айтуларға қарағанда оның өзі осы сайдағы елдің ата-бабаларынан қалған асыл мұра екен. Төбесіне шөп шығып кеткен үй, оның шатырындағы ап-аласа жарты ай, жарты айдың иінінендегі қап-қара болып тұратын кетік – бәрі-бәрі де Яң Саньның есінде. Тың көтеріп, шөп еккелі бері ауыл тұрғындары үшін мал жаю деген үлкен мәселеге айналды. Бір қора қойдан гөрі бір сүтті сиыр ұстаған әлдеқайда тиімді. Ол есеп жасап келе жатып тағы да мұздың үстіне шығып кетті. Өзен айырығы айналып қайтып келіпті. Қындырдай мұздың беті өзінше сәуле шашып жатыр. Бірақ сүтті сиырдың бұзауының өзі қазір екі жүз юаннан да қымбат тұрады. Екі жүз юаннан көп ақша деген қанша ақша сонда? Ол ойланып келеді. Ана жылы Чиңхайға барып он жылдай азаптанғанда бар тапқаны отыз юан ғана болатын. Кенет аяғы тайып кетті де, іле денесінің мұзға қатты соғылып, гүрс еткен дауыс шықты. Үскірік аяз демде шалбарынан өте шықты. Алдындағы қарауытқан өзен жағалауынан баяғысынша еш нәрсе көрінбейді.
Ол есін жинағанда барып, өзінің құлап түскенін аңғарды. «отыз жылға таяп қалыпты ғой» деп күбір еткен оның көз алдына өткен күндердің суреті елестеп өтті. Ол жолы да өзен айрығындағы мұздың үстіне осылай құлап түскен болатын. Мұздың үстінде қолдарын жазып жіберіп, сұлап жатқан ол, адында кетіп бара жатан Ма Уиенің күртешесінің жыртылып, қан ағып бара жатқанын байқады. Оның көз алдына Ма Уиенің күртешесінен қан сорғалап бара жатқандай болып көрінді. Ол жолы қатты құлағаны соншалық, тіпті құлаған кезде мұздың сықыр-сықыр етіп айырылып кеткенін естіді. Ұзамай жатқан жеріндегі мұз еріп, мақталы шапанынан өте бастады.
«Иә, одан бері де отыз жылдай уақыт болып қалыпты ғой» деп ойлаған Яң Сань қарт мұзға таянып, жайлап түрегелді. Үсті-басы қар қиыршықтары мен шаң-топырақ. Ол қайтадан ептеп жүре бастағаны сол еді, белі мен аяғы қақсап, сырқырап ауырғанда жанын көзіне көрсетті. «сүйектерім қирап қалған ба» деп күбірлеген ол, «кейін Чиңхайда жүрген кезімде әлгі бір жер төлені шамалы жөндеңкіреп алып тұруым керек еді, аңғай-аңғай жер төледе бір неше жыл тұрып қалдым, ол жерден қандай адам ауыру болмасын» деп ойлады.
Ол өзеннің арғы жағасындағы тастақ жерге шыққасын, ентігін басып алу алу үшін, белін уқалап тұрып қалды. Талайдан кейін алқынын зорға басқан ол ақырын аяңдап жүріп кетті. Ма Уие есіне түсіп еді, көңілі жаман құлазып кетті. Әлгінде өзендегі мұзға құлаған кезінде, оның миында «бұл тірліктің біткен жері осы болар» деген ой ойқастап өткен-ді.
Түн қараңғылығы барған сайын қоюланып, иіріліп, қиыстанып кеткен өзен жағасынан ауылдың шырақтары көрінбей қалды, соған қарағанда ауыл тұрғындары тұтастай түнгі ұйқыға бас қойған болу керек.
Міне жаңа мешітке де таяп қалды. Мұз құрсанған өзен биік жарқабақтан айналып айналып солға бұрылғанда, әрі жағы қайтадан кеңейе түсті. О, тәуба, бұның тұла бойы қалшылдап кетті. Ол кенет әлгі дауысты тағы естіді. Соңғы екі жылдан бері осы дауысты ол үнемі естіп қалып жүр. Тек ақшам намазына мешітке барар жолында ғана емес, кейде тіпті тауда жүргенде, құдық басында, тіпті көрпенің ішінде жатқанда да естіді. «Ой Алла!» – Яң Сань қарттың өне бойы селкілдеп тұр.
Бұл қайдан шығып тұрған азан үні болды екен? Ол осы кезде біреуді ұстай алып тыңдатқысы келді. Ауылдағылар «өзін әлдеқалай етіп көрсету үшін әдейі ойынан шығарып жүр» деп бұны сылтың ғып күліп жүрді. Әлгілердің сенбегенін ойлағанда ол құсадан жарыларман болып жүрді. Бұл жағдайды оларға айтатын сөз емес екенін аңғарған ол кейін бұл туралы еш кімге айтпайтын болды. Оның бұл сөзін тыңдайтын бір адам бар еді, бірақ ол қайтыс болып кетті. Ол – баяғыдағы бұдан тез жүретін Ма Уие болатын. Мұздың үстінде сұлап жатқан бұл Ма Уиенің оқтан жүйрік емес екенін көзі көрді. Оның арғы аталарынан бермен қарай үстілерінен бір тастамай киіп келе жатқан, киіз болып қалған ескі күртешесінің жауырын тұсынан бұрқ етіп қып-қызыл қан атылып шықты. Ма Уие кеткеннен кейін дауыс туралы әңгімені өзгелерге айтудың қажеті шамалы екеніне оның көзі әбден жетті.
Баяғыда бұлардың үйінде екі тұяқ ұсақ мал бар болатын. Оның біреуі – қарабас ақ қой еді де, екіншісі – пышақ мүйіз, алабас, арық ешкі болатын. Бұның он екі жасқа енді толған кезі болу керек, дәл осы кезде шығыстан келген қызыл әскерлер Хайюань жақта соғысып жатқан болатын. Яң Сань күнде әлгі ешкісі мен қойын сайға апарып жайып әкелетін. Ал ол кезде әлі қырыққа тола қоймаған Ма Уие де біреудің бір қора кілең сары сиырын бағып жүретін-ді. Артқы сайдағы тастақ жонға қалай шығады, Ма Уие солай шалбарын шешетін де тығып тастайтын. Кейде шалбарын бұған ұстатып қоятын да, өзі бұта-бүргеннің ішіне кіріп кетіп отын дайындайтын. Бір кезде дайындаған отынын арқалап алып шығатын. Балтыры, саны қып-қызыл шиедей қан-қан болып шыққан ол онысын елең құрлы көрместен, күлімсіреген күйі келіп бұдан шалбарын сұрайтын. Бұл ол кезде нағыз тентектің өзі болатын, оның шалбарын бермей қырқа-қырқаны айнала қашатын. Ол қаша жүріп, күле жүріп, Ма Уиенің кейпін бүкіл сай-салаға әшкере етіп шығатын. Жасы үлкен, қажыр-қайраты мығым Ма Уие қойсын ба, ақыры бұны қуып жетіп ұстап алатын да, жақсылап тұрып оның «сазайын» беретін. Бұл тауда сол заманда да бәлендей орман жоқ болатын, тіпті ол кезде бұнда еш кім егін де екпейтін. Қызыл керіш таудың ойпаң-жықпылдарына тек қана ошаған өсетін-ді. Ма Уие екеуі жалаңаштанып алып, тасқа жантайып жататын да, күнге қақталып піскен ошағанмен аш қарындарын жұбататын. Бұл да өзінше ұғыл бала болып, Ма Уиенің ойынан қиыстырып соғатын үрейлі әңгімелеріне сене бермейтін. Ол тастың үстіне аяғын айқастыра жататын да, бір жағынан ащы күнге қыздырынып, бір жағынан Ма Уиенің әнін тыңдағанды жақсы көретін.
Үш күн болды өзіңді
таба алмадым қалқатай.
Еттерін-ай, А Гының
Өлер болдым сағынып…
Бір жолы осылай деп шырқалатын Ма Уиенің әнін тыңдап жатқанда, ол кезде әлі бала болса ол әлгі дыбысты естіп қалды. Ма Уиеге қарап еді ол «ойбай» деді де шошығанынан өңі брозарып кетіпті. Содан бір заманға дейін жотаның басында мелшиіп тұрып қалған ол, тау желінің гуілдей соғып, денесін құм қиыршықтарымен төпелеп жатқанын да сезген жоқ.
Ауыл тұрғындарының біреулері оны «өтірікші» деуі мүмкін, тағы біреулері «дені сау емес» дейтін шығар, ең өкініштісі Ма Уиенің кетіп қалғандығы. Адам өмірі деген бір сәттік қана дүние екен ғой, тепсе темір үзетін Ма Уиенің жаны жаһаннамға қас-қағым сәтте бір тал оқпен-ақ жіберіле салды. Кәдімгі бұның манағы мұзға тайып жығылғанындай ғана. Ма Уие тіршіліктегі азаптың бәрін бұған тастады да, өзі бәрінен азат болып, аттанып кете барды. Осы жағдайларды бәрін кім түсіндіріп бере алады дейсің?!
Ол үнсіз жүріп келеді. Ма Уие туралы қиялын осымен доғарғысы келді. Тіпті ауылдағылардың өзі қазір ол оқиғаны еске алғылары келмейді. Жоғары жақта отырған адамдар бір жапырақ ақтау қағазы мен бір неше жүз юань ақша әкеліп берді де, сонымен істі тындыра салды. Алайда, ол кездегі «қалқатайлардың» бүгінде немере сүйіп отырғаны бар, үрім-бұтақсыз өтіп бара жатқаны бар, сол ауылдағы қырық-елу тұрғын бүгінде картопты бидай ұнына ауыстырған, жер жыртып егін егіп, қой, сиырын бағып тірлік етуде. Маңдайының соры бес елі деп осы сайдағы елді айтса болады. Оның үстіне жүректерінде Алласы болғандықтан, қанша қиын болса да тәубасы тағы бар. Мәселен Ма Уиеге оқ тиіп, өзен жағасында қызыл қанға боялып сұлап жатқанда, Яң Сань Ма Уиенің көкейінде өзге емес, тек жұмақ нұры шалқып жатқанына еш күмәнданған жоқ. Яң Сань қарт бір шағылды жердег өткеннен кейін, анау қарауытқан орманға қарай жүріп кетті. Төбеде жұлдыздар самаладай жанып тұр. Айналадағы таулар қаракөк аспанның астында әлде кім пышақпен тіліп-тіліп тастағандай тарам-тарам болып, көрер көзге бірде айқын, бірде көлегейленіп көрінеді.
Жағадағы текше бейне тау сілемінің бір белегірі құсап, өзен арнасынан біршама биік тұратын. «Бүгін тым кеш болып кетті, – деп ойлады ол, – мешітке барғаныммен жұрттың бәрі тарап кеткен шығар». Ол еш қашан да әр күнгі бес уақ намаздың бәрін қаза қылмай өтеген емес. Қарапайым шаруа адамының жұмысы біте ме, кейде тіпті бір уақ ақшам намазын өтеуге де мойны жар бермей қалады. Осыларды ойлағанда ол ұялғаннан жерге кіріп кете жаздады. Тағы бір жағынан үйі де бұл арадан өте шалғайда. Ол жағадағы қарауытқан үйлерге бір қарап алды да, жүрісін жеделдете түсті.
Жағадағы ығы-жығы салынған, топырақтан берік соғылған үйлер түннің өзінде бозғылт сәуле шашып тұрғандай. Кенет бір ит үріп қалып еді, алыс-жақындағы барлық иттер ілесе үріп, шулап қоя берді. Ол абдырай бастады. Әлгіндегі сыйқырлы дауыс ауада қалықтаған жібек талшықтай шұбалып, қайтадан жаңғырыға бастады. Баяғыда Ма Уиемен бірге тауда болған кезінде де бұл дауыстың құлаққа тура осылай қалықтап, талықсып жеткені әлі есінде. Ол жолы Ма Уие ағыл-тегіл жылап, аллалап, құдайлап айғайлай беріп еді. Сол жылы жиырмаға енді толған бұл да пышақтай-пышақтай құм қиыршықтарының үстіне тізерлеп отыра қалған болатын. Яң Сань қарттың бурыл тартқан сақал-мұрты дірілдеп, кеңірдегіне әлде бірдеңе кептеліп қалды. «қайдан ғана, -деп өзін-өзі жазғыра бастады, – қайдан ғана сол екі кесе кеспені ішуге қарайлай қалып едім?!». Бұл әбден кешігіп келе жатыр, ақшам намазы баяғыда тарап кеткен болу керек. Осыны ойлағанда бұның іші удай ашыды. Иін тіресе өскен тал-теректер жүрер жолды көлегейлеп, тіпті бұған анау әлсіз шұғыла шашып тұрған мыс жарты айды да көрсетпей қойды.
Бұл он жеті жасқа толған жылы алыс-жақындағы дүңгендердің бәрі көтеріліске шыққан болатын. Ұят болғанда бұл қолына ұстап шығарлық көк темір таба алмай шықпай қалды. Айбалта, күрек, айыр дейсің бе, қала берді қырман түйетін тоқпақ дейсің бе, бәрін үлкендер көтеріп кетіпті. Өзен жағасына кілең жабайы өрік ағашы өсетін, бұл соның жиегіне тығылып алып, күні бойы ауылдың сыртындағы күре жолға телмірді де отырды. Бірақ күре жолдан ары өткен, бері өткен еш кім көрінбеді. Әкесі мен туысқан бір ағайын Зиңюань өзенінің сол жағасында өлтіріп кетіпті. Гоминдаң әскерлері бері қарай келе жатқан жолында бұның шешесі мен аяғы ақсақ бір бауырын өлтіріп кетті. Ал екі ағасы жас күндерінде науқастан көз жұмған болатын. Осылайша Яң әулетінен бұның сопиып соқа басы ғана қалды. Ол заманда өзен жағасындағы тастардың бәрін қар басып қалатын да, өзеннен өткен мал әлгі тастардан тайғанап жүре алмайтын. Бұл да сол ауылдағы жерлестері құсап, көзінен жас алмастан, жанын баға жүріп, Зиңюаньда өлгендерді қайтадан жерледі. Адам тағдыры дегенді қойсаңшы, қайғысы мен қуанышы қашан да қабаттасып жүреді ғой! Ол кезде қайда барсаң да жап-жас жесір келіншек деген жыртылып айырылатын. Ол қаза болған жақындарының басын тұрғызып келе жатқан жолында жас жесірдің біреуіне жолғаса кетті. Сонымен шаңырақ көтеріп, түтін түтетіп жатты. Отыз үш жасқа шыққан жылы ел басына қат-қабат нәубет орнады. Ашаршылық екі өкпеден қысып, жабайы шөпті талшық етіп отырған халықты үкімет бүлікшіл деп бүре бастады. Бұл Ма Уие екеуі тура осы кезде шегіршін қабығын жинап жүрген-ді, мылтық асынған біреулер келіп бұларды байлап тастады. Ма Уие оларды итермелеп, байлатқызғысы келмеп еді, аналар мылтықтарын қоқаңдатты. Осы кезде Ма Уие қолындағы балтасын үйіріп қалып, әлгі мылтық көтергеннің білегін шауып тастады да, таудан түсе қашты. Ма Уие алдыда, оның өкшесін баса бұл қашып келеді. Мұз құрсанған өзеннен енді өте бергенде бұның аяғы тайып кетіп, өзенге жалманынан түсті. Қолындағы шегіршін қабығы мұздың үстіне шашылып қалды.
Ма Уиенің дәм-тұзы сол күні біткен екен, жусанды тастақ далада қанға боялды да қала берді. Бұл болса сондағы Ма Уиеден алған үлгісі бойынша қайратына мінді де, үн шығармастан мұздың үстінде шашылып жатқан шегіршін қабықтарын теріп алып еді. Осы сайда күллі өмірін өткеріп келе жатқан оның жүрегі кейін келе темірден де жаман қатып қалған болатын. Ол кездің де салты қызық еді, тып-тыныш, жаныңды бағып жүре берсең болды, бүгінгідей жетелі жігіт болып есептеле бермейтін. Кей кезде өз-өзінен танауың жыбырлайтын. Бір жолы жалғыз өзі тауда жүргенде бұның қарны ашып, жерден бір шұңқыр қазды да тастарды қыздырып алып, оған картоп қақтап жеген. Картопты жеп отырып, негесі қайдам, аяқ астынан көзінен зілдей екі тамшы жас домалап кеткені. Бұл жағдайға ол әрі таңданды әрі қасіреттенді.
Ма Уие оққа ұшқаннан кейін, бұған бақылауда ұстау жазасы кесілді. Ол заман ел ішін аштық жайлап тұрған шақ болатын. Аштан өліп қалмағандар шегіршіннің қабығы мен ошаған теріп жеп жан сақтап жүрген. Бұл дүниедегі ең жексұрын, құдай жегізбей-ақ қойсын деп тілейтін нәрсе – жабайы өріктің жапырағы екен. Оның өзі бірте-бірте ағаш басында қалмауға айналды. Тісі тісіне қарысып қалған бұл қатын, бала-шағасын тастап Чиңхай асып кетті. Чиңхай деген сулы жер болғандықтан ба, кедей-кепшіктердің жан сақтауына да қолайлы екен. Ол бір жер төле тауып алды да, сонда біраз жыл тұрып қалды. Бұнда оның жаны түлеп, жігері де шыңдала түскендей болды. Алайда ауа райының қолайсыздығы белі мен екі аяғын топ қып тастарын қайдан білсін?! Чиңхайдан қайтып келгенде осылай тоңқаңдап, аяғын зорға басып келген. Сол жүріспен әлі келеді.
Ауылдағылар бұны «Чиңхайдағы сері күндерің тамаша еді» еді деп сылтың қылатын. Бірақ ол денсаулығын құртып келгенін ойлағанда іштей қатты күйзелетін. Бәленбай жыл қаңғып жүргендегі бар тапқаны отыз юань ғана. Ал осы отыз юаньды табу үшін қанша азап тартқаны бір құдайдың өзіне ғана мәлім. Анау аңғай-даңғай жер төледе түнде жағып отырар шам да болмайтын. Небір тас-түнек қараңғы түндерді тек бір Алланы серік етіп өткізді. Адам баласы сондай азапты күндерге тап болғанда, егер жүрегінде бір сенім болмаса, сондай азапқа қалай төзуі мүмкін?!
Көз алдын бұтақтары көкке шаншылып, қабықтары көк жалтыр сәуле шашқан тал-теректер тосып алғандықтан Яң Сань қарт мешіт төбесіндегі жылт-жылт етіп тұрған мыс жарты айды қайыра көре алмай келеді. Сонымен ол әлгі жарты айды тезірек көрмек ниетпен, бар күшін бойына жинап, жүрісін жеделдете түсті. Чиңхайда тұрған кезінде төсенші-жамылшысы тек қураған шөп қана болатын. Мешіттегі Ахұн бұны «Чиңхайда болған жылдарда іштей өсті, қалыптасты» деп мақтап қоятын. Шынымен де шөп төсеніп, қурай жамылып жатқан ол риясыз һәм үмітке толы көңілмен Аллаға мадақ айтатын-ды. Осылайша оның өміріндегі қиындықтар жеңілдеп, жүрегі де кеңіп, рахаттанып қалды. Баяғы төбесіне шөп өсіп кеткен үш бөлмелі там үй, төбесіндегі мыс жарты ай бұның есінен бір шықпайды. Тіпті кей түндері атар таңды көзімен атырады. Чиңхайдан келген күні түнде асығып-аптығып ішінің өзіне шөп өсіп кеткен мешітте шолпан жұлдыз туғанға дейін мінәжат етіп отырған-ды.
Құлайын деп тұрған үйдің төбесіндегі дат басып, алашабырлана бастаған жарты айдың бейнесі әлі көз алдында. Дегенмен төбеде қарауытып тұрған әлгі ескі темір ай көрер көзге бір түрлі сабырлы да сиқырлы.
Орманнан өткеннен кейін, бет алдынан қаңыраған қара аспан мен алып таулардың сұлбасы шыға келді. Таулардың қарауытқан көлеңкесінен бәрібір қызғылт шапақ байқалады. Бояп қойғандай шыңырау аспан түнеріп тұр. «Иә, қан қызыл, – деп ойлады Яң Сань қарт, – мүмкін бұл тауды төгілген қан қызартып жіберген болар, Чиң патшалығынан бермен қарай, бұл таудың сай-салысна осы осы ауыл тұрғындарының қаншама қаны төгілді». Ол белін таянып біраз кідіріп қалды. Түнегүні әлгі шетелдік сары қызға мешіттің алдында әлденелерді айтқаны есіне түсіп күбір-лүбір етті. Әлгі қыз бұған: «бұл таудың адамдары бір түрлі қызық екен, бірақ маған ұнады», -деген болатын. Сонда Яң Сань қарт оның бұл сөзіне жауап қата алмай біразға дейін дағдарып қалған-ды. Дегенмен ол: «мына қыз біздің ауылдың тұғындарының тағдыры туралы естіген болса, айтып тұрғаны жүрек сөзі болуы мүмкін», – деп ойлап қойған.
Неге екені қайдам, иттер қайыра тынши қалды. Бүгінгі намаздан кешігіп қалғанына Яң Сань қарт іштей қатты налып келеді. Үйінен шыққан кезде, жеделтетіңкіреп жүрсем үлгеріп қалармын деп ойлаған, қайдан, бүгін белі мен аяғы қақсап, адымын аштырмай қойды. Мезгіл бұған жарым түн болып кеткендей сезіліп келеді. Көлдей көлкілдеген қараңғылық ұйқы құшағындағы тауды жаймен тербетіп тұр.
«Бәрі ұйқыға кетіпті, – деп ойлады ол, – мешіттегілерде намазды оқып болған болу керек. Әлгі кеспені ішпесем болмас па еді? Егер Ма Уиені ұмытсам, оған ендігәрі құран бағыштаумен де қоштасуым мүмкін». Ол о дүниелік адамды ойлағанда іштей тіптен құлазып кетті. Ол өзін-өзі жазғырған сайын, жан-дүниесіне ауыр азап кептеле түскендей болды.
«Тың игеріліп, шөп егіледі» деген хабар тарағалы бері, көкейіне бір ғана «сүтті сиырдың тайыншасын тауып алсам» деген ойдың кіріп алғанын өзі жақсы біледі. Ал тайыншаның құны дегеніңіз кісі шошырлық, екі жүз юаньның үстінде дейді. Тек екі жүз бірдеңе юань дегенді ұмытып қалмаса жарады, иегі құрғыр енді қыши қоймас. Ойы осы араға келгенде оны бір түрлі қорқыныш та билей бастады, өйткені бұл ауылда сиырға топалаң, қойға қотыр тигенін талай көрген. Оның бәрі түптеп келгенде адам бойындағы иманның кемдігінен. Екі жүз бірдеңе юаныңды шығындап тайыншаны әкелген күні-ақ жұрттың көзі қызарып, іші өртеніп кетуі мүмкін ғой. Ол өзіне өзі аямай бір лағнет жаудырып алды да, жұқына басып жүріп кетті. Сәлден соң көңілі қайтадан тынши бастады.
Бұл жұтаған таудағы адамдардың адамша өмір сүріп жатқаны жоқ. Бұндағылардың тірліктері де, жүректері өлі мен тірінің арасында. Тіпті анау мешіттеріне шаншыған айларының да жартысы жоқ. Алайда өмірлері тым-тырыс. Әлгі шөп өсіргелі келіп жүрген қыздың таң қалатынындай бар, шынында да таң қаларлық екен деп ойлады Яң Сань қарт. Егер бұл ауылдың адамдары сыртқа шықса, пойызға мінсе, үлкен қалаларға барса, немесе анау сары қыз секілді шетелге шықса, көрген ел бұлардың не қылған адамдар екенін бір қарағаннан біле алар ма еді?! Тіпті мешітке намаз оқуға келгенін айтсын делік, соның өзінде, дін баққан біреу болмаса, былайғы жұрт не деп түсінер еді?
Ауыр бір күрсінген Яң Сань қарт, басын шақады да, жол жиегіндегі бір терекке барып сүйенді. Кәрілік келді, енді қанша жүреді дейсің, әлгіндегі ана-мынаны есептеп, жоспарлап тұрғаны сол. «Кәрілікке не дауа болсын» деп өзін бір мысқылдап алған ол алға қарай қайтадан аяңдай жөнелді.
Міне, анау бет алдынан жайлап қарауытқан таулардың сұлбасы көрініп келеді. Ал енді, түн пердесінің әрі жағынан сәулетті мешіттің бейнесі байқала бастады.
Әсерленген Яң Сань қарт кілт тоқтады. Ойланып аз-кем тұрғасын отыра кетті де, қарсы алдындағы мешіттің бағзор келбетіне тесіле қарап қалды.
Қарақошқыл аспандағы манағы сығырайған жұлдыздар көрінбей кетті, есесіне қызғылт шапақ шашқан таулар екі жағында көлбеп жатыр. Түн пердесі бәрін де көлегейлеп алған, тек мешіттің күмбезінен ғана бір доғаның сұлбасы байқалады. Шынымен қапталған қасбеті көрер көзге сәл-пәл жылтыраған көрінеді. Ол қарақошқыл аспанмен тұтасып кеткен мешіт төбесіндегі жарты айды тіпті біраздан кейін зорға тапты. Алайда бұған көз алдындағы мешіт түн қараңғылығында судай мөлдір һәм сәулетті болып көрінді. Яң Сань қартқа мына мешіт пен анау таулар мүлгіген қыс түнінің құшағында жайлап оянып келе жатқандай, барлығы бірлікте қарапайым да сыйқырлы сағаттарды бастарынан өткеріп тұрғандай сезілді.
Яң Сань қарт арқасын ағаш тіреп, тып-тыныш отырып қалды. Ақшам намазының баяғыда басталып кеткенін аңғарған ол баса-көктеп кіргісі келмеді. Былтыр ауылдастары осы мешітті салған кезде, бұл бір тауығын сатып, тас қалаушыларға қол ұшын берген-тұғын.
Баяғыда бала күнінде, тауда қой жайып жүрген кезі ғой, бірде Ма Уиенің үйіне бір нәзірге барғаны бар. Сонда Ма Уие екеуі нәзірге бір тауық соймақ болып, әлекке түскені әлі есінде. Әлгі тауық самған ұша алмағанымен, шоршаңдай қашып, қызыл керіш тау қырқасын өрлеп барып, тауға кірді де ізім-қайым жоқ болды. Жер сипап қалған екеуі уілдеген боранға құлақтарын төседі, таудағы қызыл шағылға қарады. Негізінде ол тауық жоғала қоймас, өйткені ұша алмайды ғой. Дегенмен бұл бірнеше күн бойы Ма Уиемен сөйлескісі келмей жүрді. Ол кезде бұл бала болғанымен, Ма Уиені «үлкен адам болғанымен қатыгез екен» деп ойлап еді.
«Қалай болғанда да, – деп ойлады Яң Сань қарт, – қазір елдің тұрмысы түзеліп қалды, кімнің үйінен болмасын бидайдың наны табылады. Енді алаңсыз аттана беруге болады, өйткені анау кішкентай арбамен тасып жатқан кірпіштерде сенің де үлесің бар». Ойы осы араға келгенде ол өмірден қиын жағдайда аттанған Ма Уиені аяп кетті. Бұның тауығы әрине, өзі жемдеп өсірген тауық болғандықтан, қаңғып жүрген былайғы тауықтардан мықты болатын. Осы кезде оның ойына әкесі мен шешесі, аяғы кемтар бауыры оралды. Олардың бәрі де әлгі үш бөлмелі там үй мен оның төбесіндегі кетік ай үшін шаһит кетті. Иә, солай, солай кетіп қалдыңдар. Алдарыңнан жарылқасын. Ол күбір-күбір етіп сөйлеп келеді: «Бүгінгі жаңа мешіттің сырты жасыл шынымен қапталған, төбесіндегі айы мыстан жасалған. Ал әлгі Гоминдаң болса “балықшы” болып кетті». Ол ойланып та келеді, ойлағанын күбірлеп сөйлеп те келеді. Өстіп келе жатқан оның көзінен қапелімде екі тамшы жас домалап кетті.
Әлгі шетелдік сары қыз алғаш осы мешітті көрген кезде, аузын ашып, көзін жұмып, мешіттің қасбеті мен қақпасын сипалай берген. Сосын алысқа шегініп барып, төбесіндегі мыс айға ұзақ қарап тұрып қалған. Сол күні жаңа ғана намаздан тараған ел мешіттің алдында құжынап тұрған-ды.
Егерде анау көзілдірікті үкімет адамы болмағанда, Яң Сань қарттың ол қызбен сөйлеуге қайдан батылы барсын?! Көзілдірікті адам келіп бұған:
– Булаң бикеш «мына мешіттегі жағдайға қатты әсерленіп тұрмын» дейді. Сіздер дінге қалай адал берілгенсіздер деп сұрап тұр, – дей бергені сол еді, әлгі қыз да бұның зәресін алып, қолынан шап беріп ұстай алмасы бар ма. Бұл зорға дегенде қолын қыздың қолынан шығарып алуын алғанымен, не істерін білмей қатты састы. Сөйтіп тұрды да, біраздан соң барып:
– Қызым, кейінірек түсінесің, адам деген бір наныммен өмір сүру керек, – деп жауап берген болды.
Көзілдірікті қолын ербеңдетіп, әлгі қызға көп бірдеңерді айтып кетті. Сосын тұрып бұған тағы да:
– Наным деп сонда үмітті айтып тұрсыз ба? – деген сұрақ қойылды.
Бұл пікірді онша дұрыс деп ойламаған ол:
– Анығын айта алмаймын. Жалпы наным деген, адамдарды өзі үшін өмір сүргізетін нәрсе деуге болады, – деп жауап берді.
Қазір ойлап тұрса, сол Булаң бикештің таң қалатын жөні бар екен. Өйткені ол тың игеріп, шөп егуге жауапты болғандықтан, бір му жерге шөп отырғызуға қанша қаржы кететіндігін құдайдың құтты күні есептейді жатады. Сондықтан ол мына ауылдағы адамдардың қанша астық алатынын, оны сатқанда қанша ақша болатынын жақсы біледі. Сондай-ақ мынадай сәулетті мешіт тұрғызу ауылдың жұтаң жұртына оңайға түспегенін де оның қу іші сезген. Дегенмен бұның ол қызға берген жауабы онша теріс кетпеген екен. Ол қыз кейінірек, өзі балалы- шағалы болғанда, өмірдің ыстық- суығын басынан өткеріп, өмір оның жүрегіне жара салғанда барып «е, тірі адамға бәрінен де шынайы бір наным керек екен ғой» деп ойлауы мүмкін.
Осы кезде, тас қараңғы түн құшағындағы мешіттің қос есігінің бір қанаты ашылып кетті. Іле әлгі есіктен бір төрт бұрышты көз қарықтырған күшті жарық атылып шығып еді, ол жарыққа зілмауыр қара түннен сәулетті бір қақпа ашылды. Жып- жылы, мап- мамық, сарғыш шырақ әлгі қақпаны ғажайып нұрға бөлеп, мынау меңіреу түнді жайнатып жіберді. Есік сыртындағы сәуле баспалдақты жарқыратып тұр. Ал іштегі шырақтың жарығынан адамдардың көлеңкесі көлбеңдейді. Бір кезде қыс түнінің құшағында жатқан тақыр таулар көріне бастады. Қызыл шапақ шашқан тау жондары соншалық сәулетті бірақ салқын. Тау етегіндегі ала-шабыр қар басқан сайлар жаймен келіп түн құшағындағы мешітті орталарына ала бастады.
Таң қалғаннан аузы аңқайып қалған Яң Сань қарт осынау бейтаныс құбылысқа көз алмай қарап қалыпты. Өстіп тұрғанда мешіттің қос есігінің тағы бір қанаты ашылып кетті. Сосын әлгі есіктен саулаған жарық ағысқа ілесе шыққан шырақ мешіттің мұнарасын, шынымен қапталған қасбетін, дөңгеленген күмбезін жарқ еткізіп, төбесіндегі шаншылған кетік айды одан сайын әуелетіп жібергендей болып барып ғайып болды.
Яң Сань қарт қасында тұрған теректі тас қып ұстап алыпты. Оның төбесінде тұрған теректің жапырақтары сылдыр-сылдыр етеді. Ол өзінің бұл дүниедегі дәм-тұзының таусылуға тақағанын аңғарды. Өйткені ол бұл дүниеде осындай ғажайып нәрсені көрем деп еш қашан ойлаған емес. Он екі жасында тұңғыш рет бұның жүрегінде наным пайда болып, сол жолы тақыр таудың басындағы тастың үстінде сәждеге бас қойып еді. Содан бері қарайға күткені не? Көз алдындағы түн құшағындағы мына мешіт пе? Ол ауыр ойға шомып кетті. Неге екені қайдам, өзінің ішкі әлемі тым- тырыс.
Ол жан- жағына қарады, қарауытқан тау шатқалы баяғысындай жым- жырт. Өзен тағанындағы мұз шалғайда орағытып жатыр. Жыртылған жердің топырағы ауыр да қалың. Түн құшағындағы ауыл ертеңгі миқнатқа қуат жинап алайық дегендей әлі де тәтті ұйқыда. Ол әлгі жерде ұзақ отырды. Көз алдындағы сыйқырлы мешітке қарап, түннің бір уағына дейін отырды.

Қытай тілінен тәржімалаған: Дүкен Мәсімханұлы

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!