Лао Шэ

Аудармалар 译著 1 Comment on Лао Шэ 69

Лао Шэ  –  Қытайдың ХХ ғасырда өмір сүрген ұлы жазушысы. Жазушы, драматург. Ұлты манжур. 1899 жылы Пекин қаласында өмірге келген. 1918 жылы Пекин қалалық пединститутын бітіріп, 1930 жылға дейін ел іщінде және Франция, Голландия, Щвецария, Германия, Италия қатарлы елдердің жоғары оқу орындарында қытай әдебиетінен дәріс оқыды. «Түйе Шяңдзы» деген романы мен «Шайхана» деген спектакльі әлемнің елуден астам тіліне аударылды.
«Мәдени төңкеріс» жылдарында қатты зардап шеккен жазушы 1966 жылы өзіне өзі қол жұмсап бұл дүниемен қош айтысты.

НӘЗІК БЕЙНЕ
(әңгіме)

Көк шыбық мерекесі өтіп кетті. Дегенмен тас алмалар әлі толық гүл аша қойған жоқ. Бұл мереке биыл шамалы кешірек келсе керек, көбелектерде онша әл-дәрмен жоқ, тек аралар ғана, дүн-дүниеге шырын жағып қойғандай құны-перен болып ұшып-қонып жүр. Шайдай ашық аспанда мамырлап тұрған тоқымдай-тоқымдай үш-төрт шөкім ақша бұлтты қарлығаштар ары кесіп өтіп, бері тесіп өтіп ойнақ салуда. Айналада үп еткен жел жоқ, бірақ төңіректегі жасыл желектерді қытықтағысы, ойнатқысы келгендей сәмбі талдардың бұтақтары әдейі ырғалып тұрған секілді. Атыздағы көк майса ептеп тауға өрмелеп барады, дегенмен әлі буыны қатая қоймаған көк балауса қатты жүрісті көтере алмайтын да сияқты, себебі жоғарылаған сайын жасыл реңнің солғын тартқаны байқалады. Ал тау басы әлі де жасылдан гөрі сарысы басымдау теңбіл-теңбіл болып тұр. Тау бөктеріндегі ағаштар жасыл желегін жамыла қоймағанмен, балбырап, жадырай бастаған. Таудың арғы жағындағы көк жиек тіптен жылы болса керек, өйтпесе тізбек-тізбек тырналар әндеткен күйі ол жаққа асып кетпеген болар еді. Тас жақпарына тығылып өскен ұялшақ орхидеяның жапырағынан гөрі гүлдері алдымен көзге түседі.


Тау қойнауында қош иіс іздеп шаршамай-ақ, көзіңді жұм да, жұпар ауаны жұта бер. Қарашы, тіпті әне бір қурап қалған былтырғы жапырақтың өзі әтір атып тұрған жоқ па?! Осындай бір ләззатты шағыңды тауда жүрген ешкінің аппақ-аппақ лақтары бұзып жібереді, себебі олардың маңыраған дауысы тым аянышты болады. Міне, біреуі жақындап та келеді, мүйізден бұрын, сақалы салбырап кеткен ол, бір жартасқа қарап аңырып біраз тұрды да, кішкентай шолақ құйрығын шошайтып алып шаба жөнелді.
Мен дөң басында күнге қыздырынып жатқанмын. Басымда еш қандай ой да, қиял да жоқ еді. Қапелімде, көңілімнің көк көліне жыр маржаны сау етсін. Бірақ түк те дыбыс шыққан жоқ, тек толқын іздері бет-жүзіме таяй бергенде нәзік жымиысқа ұласып кетті. Алайда одан кәдеге жарарлық бір шумақ та ұстап қала алмадым. Сөйтіп мен бір өлеңнің әлеміне еніп кеттім де, аяғында өзім сол өлеңнің бір тыныс белгісіне айналып кеткенімді бірақ сездім.
Қыздырынған сайын жадырап, жаным кіріп барады. Көбелектің қанатының қандай бақытты екенін енді сезінгендеймін. Мен тіземді құшақтаған күйі сәмбі талдың бұтақтарының ырғағына қосылып оңды-солды, арлы-берлі баяу тербетіліп отырмын. Талдың әр бір жапырағы көктемнің әніне құлақ төсеп тұрғандай. Бір кезде аспанға қарадым, паһ шіркін, анау ақша бұлттарға мың алғыс! Оны жиектеп ұшып жүрген қарлығаштардың құйтақандай болып кішірейіп кеткені соншалық, кәдімгі сеңгір көк аспанның меңі дерсің. Менің де жан-дүнием соларға қарай ұшып бара жатқандай.
Алыс тау қырқаларындағы жалғыз аяқ жолдар картадағы өлкелердің шекара сызықтары құсап ирелеңдеп жатыр. Одан төменіректе кең көсіліп жатқан бидай атызы. Әрі қарай жер бедері барған сайын еңістей береді екен. Бейне жердің өзі тау басынан төмен қарай ағып барып, тек етектегі анау қара қошқыл орманға тіреліп қалғандай көрінеді. Ал орманның арғы жағы бұғаз болып қалса деп дәмеленесің, соған көңілің де сенгендей болады, бірақ орныңнан тұрып бұдан да биігірек жерге барып көз салсаң, олай емес, керісінше әрі қарай бұлдыраған орман екеніне, орманның ортасында шағын қыстақтар тұрғанына көзің жетеді. Осы кезде бір әтештің шіңкілдей шақырған үнін самал жел айдап әкеледі құлаққа.
Көктемдегі алыстан жеткен әтеш үні де тым аянышты естіледі екен. Ал мен болсам, осы көріп жатқанымның бәрі өңім екенін де, түсім екенін де білмеймін, тек өң мен түстің арасын бір дауыс зер жіп секілді бөліп тұрғандай. Міне бір сәт қан қызыл айдары бар әтешті көргендей болдым, қай жерден көрдім, қыстақтан ба, әлде көкейдегі елес пе, білмеймін, тек қана ол әтеш аппақ болса екен деп армандап жатырмын.
Мен тағы отыра қалдым, жо-жоқ, қалай болса солай жата кеттім. Көзімді сығырайтып аспанның көгілдір сәулесін суыртпақтап жатырмын. Аспан мен тесіліп қараған сайын тереңдеп, биіктеп бара жатқандай. Сонымен бір уақытта аспаннан көгілдір тамшылар менің жүрегіме жақын жерде орналасқан қос жанарыма құйылып жатты. Сәлден соң көзімді жұмып едім, көкірегімді саф ауа мен бір шаттық кернеп кетті.
Мен ұйықтаған жоқпын, өң мен түстің ортасында жатқанымды жақсы білемін. Дегенмен құстардың сайрағаны ап-анық естіліп тұр. Айтудың өзі бір түрлі қызық, мен әр жолы осылай ұйқылы-ояу жатқанда ылғи сол бір жер – қай жер екенін өзім де білмеймін, көз алдымнан кетпейді. Әйтеуір, ұйқыға кетер-кеткенше ол жер бәз-баяғысындай қарсы алдымда тұрып алады. Бұны мүмкін, ұйқының табалдырығы деген жөн болар.
Бұл жер аса үлкен емес, онда тау да, теңіз де жоқ. Бір саябаққа ұқсайды, бірақ шет-шекарасы анық емес. Шамамен көлемі үш бұрышты секілді. Бұрыштары үшкілденіп бір түнектің түбінде көлбеңдейді. Бір жақ бұрышында – яғни үнемі менің көзіме бірінші болып түсетін бұрышында – кілең сары және қызыл гүлдер сықасып тұрады. Күн нұры жоқ, сол бірөңкей қызыл-сары түстердің арт жағы меңіреу қараңғылық. Ал бұл қараңғылық болса, қызыл, сары гүлдердің түсін одан сайын шымқайландыра түскендей. Бейне қара құмыраға қызыл гүлдің суретін салып сияқты немесе сұлулыққа жасырынған үрей секілді бір түрлі. Артқы жағында тұрған қараңғылықты, мен енді түсіндім, ол анау қызыл мен сарының өз реңдерін сақтап қалуы үшін, ол бояулардың мысқалдайының да сыртқа тамбауы үшін керек болған екен. Оның үстіне күн нұры жоқ жерде бояулар ауаға ұшып кетпей, тек жерді түрлендіре бермек. Мен бірден осы жерді көремін. Бұл жерді көрсем, бейнелеп айтқанда, Шяңшанды көрген кісінің көз алдына Биюньсы келетіні секілді, басқа жағының қандай екенін көрмей-ақ білемін.
Қалған екі бұрышының сол жағындағысы ұзыннан ұзақ көлбеу жатқан, үстін жабайы сұрғылт гүлдер басып кеткен қырат. Аса әдемі болмағанмен бір түрлі құждай қуат байқалады. Немесе айдың нұры әлгіндегі сұрғылт қыратты күміс нұрына шомылдырып, бір түрлі өлең өлкесі құсатып жіберіпті. Бірақ айдың қай тұста тұрғаны есімде қалмапты. Мейлі қалай қалай болса да, ол көрініс маған ұнады. Жоқ, ұнады дегенім дұрыс емес, осынау күміс шықпен апталғандай көгілдір әлемге немесе сұрғылт көйлек киген жас келіншекті еске түсіретін көрініске менің жаным ерекше құштар десем болады. Оң жақтағы бұрышта бір әдемі шөп күрке тұр. Есігінің алдында тал-тал солғын қызыл раушан гүлдері жыпырлап тұр.
Егер мен жайлап жанарымды солдан оңға қарай жылжытар болсам, сұрғылт, қызыл-сары, қызғылтым бояулар тізбектеліп – маусым кері айналып келгендей – күзден көктемге қарай жылжығандай әсер етер еді. Дегенмен, оған ілесе тіршілік кері кетпегейтіні белгілі, алайда сол арқылы раушан гүлдерінің гүл-гүл жайнаған балдәуренінің аяқталатынын аңғартып тұрғандай.
Бұл үш бұрышты даланың ортасы көгалды алқап. Шөбі жап-жасыл, мап-майда, сап-салқын. Ол шөптердің әр-бір жапырағы ту алыстағы жаңбыр үніне құлақ түріп тұрғандай бойларын тіктеп алыпты.Үп еткен жел жоқ, зың еткен шыбын-шіркей жоқ. Көрікті бірақ өлі өлке. Тірі атаулыдан тек бояулар ғана.
Ал нақтылы өмірде мұндай жерді өмірімде кезіктірген емеспін. Бірақ ол жер ұйқыға кетер алдында менің көз алдымда мәңгі тұрады. Англиядағы Енгландтың жасыл алқабы ма, Скодланттың ормандары таулары ма, жоқ әлде сыңсыған неміс орманы ма, еш кім де дөп басып айта алмас еді. Экватор сызығына жақын жердегі күн нұры аз түсетін қоңыржай алқаптарға шамалы ұқсайды, бірақ мұнда ол жердегідей гүлді-гүлді жыландар, сан алан өзге аңдар жоқ. Жарайды, қойшы енді, әйтеуір ол ара өзіме жақсы таныс.
Мен ол жерді бір емес, сан мәрте көрдім. Ол жердің менің көз алдымдағы суреті «асқар таулы, толған айлы, суы зәм-зәм, тасы жақұт» мекен. Бірақ мен ол шөп күркеге кіріп көрген емеспін. Алайда мен ондағы ондағы бояуларға бой алдырып, қимылсыз қалған жоқпын, есесіне ондағы жасыл алқаптан жайлап өтіп, басқа боялар әлеміне еніп кеттім. Ол менің үнемі кездесіп тұратын серігіме айналып кеткенімен, аты-жөнін білмеймін, жүрек сырын ақтарысқан да емеспіз. Бір қызығы оның өзекті өңінің қандай екенін де білмеймін, бірақ бір сыйқырлы сазды әуен естіліп тұрды, мен тек дауыстың қаттырақ шығуын ғана армандадым.
Мен не де болса барып көруге бел байладым.
Раушан гүлдің жанына барғанымда аяғымның тықырын естіп қойса қайтем деп бір ойладым, алайда раушан гүл мен үшін алды-артымды нұсқап тұратын бағдаршым секілді еді. Мен «анау екі түп ерменнің ортасында сары қағазда қызыл бояумен үкім жазулы тұрса ғой» деп армандадым. Болмады. Тек өзімнің жүрегімнен шиенің озандаған үнін естідім. Ал бұл ара тым-тырыс екен.
Күркенің есігі жабық тұр. Есік-терезелеріне бозғылт перде ұстап қойыпты. Күн нұры жоқ болғандықтан ба, қараңдаған көлеңке көрінбейді. Өлі тыныштың ошағындай болған мына бөлменің іші де жым-жырт. Ептеп есікті ашып едім, мені қарсы алған тыныштық пен тазалық ішке жетеледі. Иә, шын айтам, мені кәдімгідей қарсы алды. Күркенің ішіндегінің бәрі «адамдікі», ал даладағының бәрі, егер қателеспесем, «албастікі» екен.
Үлкен бір болменің ортасын пердемен бөліп, екі бөлме етіп қойыпты. Перде де ұсақ көбелектер кестеленген бозғылт матадан жасалыпты. Ауызғы бөлмеге тамақ жасауға арналған бір ұзын үстел, тамақ ішуге арналған бір дөңгелек үстел, бір орындық тұр. Бәрі сырлап-боялмаған, тек қанық жасыл түсті. Тек орындықтың үстіндегі көпшіктің түсі ғана ашық жасыл. Үстелдің үстінде бірнеше кітап жатыр. Тамақ жасауға арналған ұзын үстелдің үстінде бір табақ балашық, баяғының екі мыс айнасы жатыр. Айнаның реңі балашықтан гөрі сәл қанықтау. Ішкі бөлмеде шағындау жалғыз төсек тұр, оның бетіне жапқан жасыл одеял салбырап жерге түсейін деп қалыпты. Төсектің бас жақ тұсына кішкентай бір шербек іліп қойыпты, ішіне тез қурап қалатын жасмин гүлі салынған. Еденде ұзынша келген төрт бұрышты төсеніш. Төсеніштің қасында үстіне ақ гүл кестеленген бір жұп жасыл кебіс.
Жүрегім атқалақтап кетті! Мен әсте қима-шату, жарқыраған өлең өлкесіне кіріп кетпеген шығармын. Бұл араның басты ерекшелігі – әлем-жәлем қиял емес, қарапайым ғана әдемілік. Өйткені маған анау үстіне ақ гүл кестеленген жасыл кебіс таныс болып шықты.

***** ***** *****
Махаббат хикаясы қашанда қарапайым. Қарапайым болғанда да көктемнің жаңбырындай немесе күздің қырайындай жап-жадағай. Алайда қарапайым адамдар осынау қарапым оқиғалардан өлең тудыруға құштар-ақ. Олай болса, он сегіз ғаламдағы көп заттардың бойында өз бояуларының кем соғып жататыны қалай? Әй, байқұс адамдар-ай! Дегенмен менің айтайын деп отырған хикаям өз бойындағы дәм-татуын жоғалтпаса екен деп тілеймін.
Дәл сол жолғыдай сұлулық ешқайда болған емес. «Дәл сол жолғыдай» деп отырғаным, сол күні, сол сәтте әдемі емес бір де бір зат табылмас еді. Оның ауласындағы тас алма ақшыл гүлдерін жамырата ашыпты, үйдің қабырғасына жағалата отырғызылған бамбук ағаштары да қияқтарын шығара бастапты. Аспан шайдай ашық. Оның ата-анасы да сол күні үйінде жоқ екен. Үлкен ақ мысығы гүлдің саясында тәтті ұйқы құшағында жатыр. Менің келген тықырымды естіген ол аяқ киімін киюге де үлгерместен, екі тал жапыраққа ұқсайтын жасыл кебісімен жүгіріп шықты. Ол өзі жақсы көретін таңғы күн нұрындай құлпырып алыпты, екі беті алмадай албырап, әдеттегіден неше есе қызарып кеткен. Тіпті бетіне қып-қызыл екі жүрек орнап қалған ба дерсің. Осылай есіктің алдына шыққан ол ұзын қара бұрымдарын тарап тұрып қалды.
Ол ата-анасы үйінде болған кезде маған тек терезенің әрі жағынан ғана қарап қояр еді, немесе менің оған жақындап бара алмай тұрғанымды қу іші сезетін де жымыип күліп қоятын. Ал бұл жолы кәдімгі бір бала мысықтың тамаша ойыншық тауып алғанындай мәз болып тұр. Мен оның осындай көңілді «бол алатынын» өмірі ойламаған екем. Үйге қатарласа кіріп бара жатқан сәтте екеуміздің иықтарымыз тиісіңкіреп қалды. Екеумізде он жеті жаста едік. Арамызда еш қандай сөз болмады, тек бір-біріне қарап қалған төрт жанар біздегі қуаныштың шырқау биікке көтерілгенін жеткізіп жатқандай. Мен бұрын оның үйіне барғанда қабырғада ілулі тұрған құстардың суретінен көз алмай қарап қалатынмын. Бұл жолы менің көзімнің оған қарауға мұршасы болған жоқ. Мен оның анау жасыл кебісіне көз алмай қарап қалсам керек, құлағының түбіне дейін қызарып кеткен ол аяқтарын жаймен кері тартып алды. Бірақ жүзіндегі күлкі еш бәсеңсіген жоқ. Мен оның сабағын сұрағым келді, бірақ сұраған жоқпын. «Жаңа туған мысығыңның балалары бәрі аппақ па?» деп сұрағым келді, сұраған жоқпын. Қысқасы көкейімде көп сұрақтарым болды, бірақ менің аузымды әлде бір құдірет тігіп тастаған секілді. Оның да тура мен секілді сезімде отырғанын байқалып тұр. Өйткені оның мамықтай үлбіреген аппақ тамағы бүлкілдеп, әлде қандай қисынсыз сөздерді бері шығара алмай, тек ары жұтумен әлек болып отырған сыңайлы. Ал тіл ұшына келген сөзді айтып қалайын десе, бір түрлі ұят секілді.
Ол тересенің қасындағы бір орындықта тырған, сырттағы тас алма гүлдерінің көлеңкесі оның бетін жартылай көлегейлеп тұр. Ара-тұра терезеден жаймен ғана сыртқа қарап қояды. Аңғары біреу кіріп келе ме,деп алаңдайтын секілді. Тек сыртта еш кім жоқ екенін білген кезде, бетіне түсіп тұрған тас алма гүлдерінің көлеңкесі оның жүзіндегі күшейе тебіндеген қызыл шырайды көлегейлей алмай қалып жатты. Ол екі қолымен кезек-кезек орындықтың жақтауын сипалай берді, бұл мазасыздықтың, әрине, қуаныштың әсері екенінде дау жоқ. Ақырында ол маған байыптап тұрып бір қарады. Сөйтті де, айтқысы да келмей тұрған, бірақ айтпаса тағы болмайтын «енді қайтып кет» деген сөзді тісінен сыздықтата шығарды. Мен өзімді баяғыда-ақ ұмытып кеткем, көзім көреді, бірақ құлағым ештеңені естімейді. Ол әлгінде не айтты өзі? Иә, дегенмен оның не айтқанын ішкі түйсігіммен түсіндім. Өйткені мен де ол сияқты алаңдаулы болатынмын. Жүрегімнің бұл арадан қозғалғысы жоқ, бірақ басым кету керек екенін біліп тұр. Менің көздерім оған мелшиіп қадалып қалыпты. Ол төмен қарағысы келіп басын сәл түсіре беріп, батылдана қайта көтеріп алды. Әдейі. Тартынбастан. Ұялып тұрса да ұялмағансып менің көзіме тігіле қарады. Содан келісіп алғандай екеуміз де көзімізді бір уақытта тайдырып әкетіп, төмен қарадық. Тағы да келісіп алғандай бір уақытта басымызды көтеріп, бір-бірімізге қарап қарап қалдық. Осы сәтте жүректеріміз де бір-бірімен үйкелісіп қалғандай болды.
Мен сүйретіле басып үйден шықтым. Ол мені есік алдына дейін шығарып салды. Көз шарасын бір қабат мөлдір шық торлап алыпты.
Мен қақпаның қасына таяғанда артыма бұрылып қарап едім, ол тас алманың түбіне келіп алыпты. Сосын мен қауырсындай қалбаң қағып шықтым да кеттім.
Осыдан кейін мұндай орайлы сәт болған жоқ.
Бір жолы оның үйінде бір қайғылы жағдай болды. Дегенмен, қан жұтып қасырет щегерлдіктей ауыр қаза да емес болатын. Шырақтың жарығында тұрған оған мен бір-екі ауыз сөз айтып қалдым. Ол қаралы киім киіп алыпты. Қолын кеудесіне қойған күйі әлгі киімнің түймелерін шұқылап тұрды. Өте жақын тұрғанымыз соншалық, тіпті бетіміздегі қызудың қуаты мен сезімнің сыбдыры бір-бірімізге естіліп тұрғандай еді. Алайда әдепккі ерін жыбырлату тұрғысынан ғана, мән-мағнасыздау бірдеңе айтқаным болмаса, жүректің қызыл тілге еш пәрмені болған жоқ-тұғын.
Осы кезде екеуміз де жиырма екі жасқа толғанбыз. Бірақ бұл «4 мамыр» қозғалысының әлі бастала қоймаған кезі еді. Сондықтан да, қыз-жігіттің барыс-келісі қоғамда аса қарапайым мәселе болып есептелмейтін. Мен оқуды бітіргеннен кейін, бір бастауыш мектепке директор болып кеттім. Өмірімдегі ең бір бақытты сәтім – одан құттықтау хат алған күнім. Хаттың аяқ жағына бір шытыргүлінің суретін салыпты да, «жауап хат жазбаңыз» деп ескертіп қойыпты. Сонымен жауап хат жазуға батылым бармады. Алайда менің жүрегімде сөнбейтін бір алау пайда болды. Сонымен жатпай-тұрмай мектепті ретке келтіруге барымды салдым. Ондағым орнынан тік тұрғызған мектебім оған жазған жауап хатым болсын деген ой еді. Түсімде ол анау асыл тастан білезігі бар қолдарын шапалақтап, мені жеңіске жетуге шабыттандырып жүрді.
Ол екеумізге үйлену туралы ойлаудың өзі мүмкін емес шаруа еді. Өйткені арамызды жыртқыш жолбарыстар секілді толып жатқан алапат кедергілер бөліп тұрған.
Бір дәтке қуат етерлік жағдай, жүрегімнің құлағы «оны бәленшеге айттырыпты» деген сыбысты әлі естіген жоқ. Бұдан да маңыздысы, мен директор болып істеп жүрген мектептен ол біраз сағат алып істеп жүрді. Менің арманым басқа емес, оны тек жиі-жиі көріп тұру ғана. Ал ол болса, қайткен күнде де маған жақындамаудың қамында жүрді. Себебі, қанша дегенмен жиырмадан асып қалған бойжеткен қыз болды емес пе, 17-18 жастағы аңғалдығы мен еркелігі басылып, оның орнын әйел затына тән ұяңдық пен сырлылық баса қалыпты.
Тағы бір екі жылдан соң, мен Оңтүстік Азия елдерінің біріне оқуға кеттім. Жүретін күні оның үйіне қоштаса барғанымда, ол үйлерінде жоқ екен.
Шетелде өткізген бірнеше жылымда мен одан еш хабар ала алмадым. Тікелей хат алысу мүмкін емес. Біреу арқылы хабарласу тағы ыңғайсыз. Сонымен тек түсімде көргенімді қанағат тұтуға тура келді. Айтудың өзі бір түрлі қызық, түсімде әйел заты атаулыдан тек «соны» көретінмін. Түстегі махаббаттың да өз қызығы болады екен. Кейбір түстерімде еңіреп жылап жүрсем, енді кейбір түстерімде қуаныштан есіп кетіп жататынмын. Оның менің жүрегімдегі сақталған бейнесі – сол баяғы он жеті жастағы – талдырмаш денелі, дөңгелек жүзді, қасы-көзі қиылған, ұяңдау қалпы еді. Үлбіреп тұрған тұла бой, биязы жүріс-тұрыс, нәзік қимыл-қозғалыс бәрі көз алдымда. Әсіресе көрген сайын жүректі қарып түсетін анау ұзын қолаң бұрымы еді. Оның бұрымын тарап тұрған бейнесі күні бүгінгідей көз алдымда, бірақ түсіме тек бұрымды бейне ғана кіреді.
Елге оралғаннан кейін, әрине, бірден оның жағдайын сұрап-біле бастадым. Естігенімнің бірде-біреуіне сене алмадым, маған оның бәрі түп-түгелімен өсек-аяң секілді болып сезілді. Ол жасырын жезөкшелікпен айналысатын жолға түсіп кетіпті!
Жүрекке қанжардай қадалған осы суық хабардың өзі менің оған деген махаббатымды зәредей де пәсейте алған жоқ. Пәсейту былай тұрсын, тіпті оны көрсем деген, оған қол ұшын берсем деген ниетімді шыңдай түсті. Сонымен мен оның үйіне іздеп барып ем, онда тұрмайтын болып шықты, мен дауалдың сыртынан әлгі тас алма ағашының шетін көріп қалдым. Үйлерін сатып жіберіпті.
Мен ақыры оны таптым. Шашын кесіп, артына қарай тарап, төбесіне жасыл тарақ қыстырып қойыпты. Үстінде жеңі шынтағынан келетін қызғылт көйлек киіп алыпты. Екі білегі бұрынғыдай үлбіреп көрінбейді. Екі беті баттасқан опа-далап, маңдайы мен көзінің қиықтарына ажым түсе бастапты. Жүзінде ешқандай еркелік байқалмағанмен, күлген кезде бәрібір әдемі. Егер бетіндегі опа-далап, бояқтарын кетіріп тастасаң, оны көбірек жаңа босанған әйелге ұқсатуға болар еді. Бейнесінен ешқандай қымсынғандық байқалмағанымен, бірде-бір рет менің көзіме тура қарай алмады. Ол ашық-жарқын әңгіме айтып отырды, бірақ шын ділімен емес, тек бүкілдей сыпайыгершілік салтымен ғана. Мен оған жеке өміріне, тіршілік қарекетіне қатысты біраз сұрақтар қойып ем, оның жаап бергісі келмеді. Ол темекі тұтатты. Темекі түтіні танауынан еш іркіліссіз саулап шығып жатты. Ол екі аяғын айқастырып, шалқалай түсіп темекі түтініне қарап отырып қалды. Жүзінен жалыққандық та, қайсарлық та байқалады. Осы кезде қос жанарыма жас толып кетті. Менің көзімдегі жас тамшыларын оның көрмеуі мүмкін емес, бірақ ол еш бүлк етпестен отыра берді. Ол қайта-қайта саусақтарына, тырнақтарына қарап, шашын жаймен басып-басып қояды. Бейнесі – бар қимасы тек солар секілді. Сөз арнасын үй ішіндегілерге бұрып, олар туралы да ештеңе айтпады. Мен еріксіз жүруге ыңғайландым. Есіктен шығып бара жатып оған өзімнің мекен-жайымды айтып бердім, әрі «әлде қандай көмек керек болып жатса, өтінсең де, бұйырсаң да, қол ұшын беруге дайынмын» деген тілегімді қос айттым. Бұл сөздерді ол мүлде құлықсыз тыңдады да, көзін басқа жаққа тайдырып әкетті. Бұнысы мені сыртқа шығарып салмаймын дегені. Ол мені шығып кетті деп ойласа керек, артына бұрылып жалт қарады, бірақ мен бұл кезде есіктің түбінде тұрғам, осы кезде көздеріміз кенет түйілісе қалды. Бірақ ол жанарын тез тайдырып әкетті.
Алғашқы махаббат деген адамның жастық шағындағы оп-оңай қиып кете алмайтын бір қымбат пүлі іспетті. Мен біреу арқылы оған біраз ақша жіберіп бердім. Ақшаны алып қалыпты, бірақ ештеңе демепті.
Адамның қас-қабағындай сатқын нәрсе жоқ екен, достарым менің қасіретімді біліп қойыпты. Сөйтіп енді олар маған қыз таныстырудың қамына кірісіпті, менің жауабым – салқын ғана жымиып бас шайқау болды. Менің оны күтуім керек. Алғашқы махабат деген, мейлі ол бір ойыншық-қуыршақ бола ма, яки бір уыс тас бола ма, қалай болғанда да, бала кездегі қастерлі дүниең секілді өмір бойы тәп-тәтті күйінде қала береді екен. Уақыт өте келе, мен жанымды жақсы түсінеді-ау деген достарыммен ол туралы сөйлесе бастадым. Олар бетіме ашып ештеңе айта қоймағанымен, менің ақымақтығымды астыртын мысқылдай отырып, оның мүлде ғашық болуға тұрмайтын адам екенін жеткізді. Олар осылай деген сайын мен тіптен қасарыса түстім. Ол маған бұл өмірдегі сүйіспеншілік әлемінің қақпасын алғаш ашып берген адам, сондықтан мен онымен таң атпай, су ақпай қалғанға дейін бірге боламын. Мүсіркеу сезімі махаббат сезімінен әлсіздеу болғанымен, бірақ онда кісілік сезім басымырақ болатыны белгілі. Көп ұзамай мен бір досым арқылы оған барлық жағдайды түсіндіріп, онымен үйленгім келетінімді жеткіздім. Өзім баруға батылым жетпеді. Досым қайтып келіп, оның тек мысқылдап күлгенін ғана айтты. Ол ештеңе демепті, тек ішек-сілесі қата күліпті. Сонда ол кімге күлген? Менің ақымақтығыма ма? Жарайды, көбелек көңіл адам пендесінің әр қайсысында аздұр-көптұр ақымақшылық болмай ма?! Осының өзі де мені біраз қанағат сезіміне бөледі. Сөйтсе ол жылағаннан ұялып, өзіне күлсе керек. Иә, негізінде шексіз қасірет жылай емес, күлкі шақырады.
Ақымақшылық маған да шамалы күш-қуат берді-ау деймін, мен оған өзім барыуға бел байладым. Айтайын деген сөзімнің әммесін жақсылап жұптап алдым да, бірнеше мәрте жаттығу жасап даындалдым. Сосын өзіме өзім: «Тек қана жеңіс! Жеңілуге болмайды!» деп серт бердім. Ол үйінде жоқ болып шықты. Бұдан кейін тағы екі рет бардым, кезіктіре алмадым. Төртінші жолы барғанымда, оны есіктің алдында тұрған бір шағындау табытқа салып жатыр екен. Түсік түсірту үстінде өзі мерт болыпты.
Бір шербек жаңа ашылған роза гүлін жүрегімнің қанды жасына орап оның сүйегінің қасына қойдым. Осылайша менің алғашқы махаббатым аяқталды да, өмірлік қасіретім басталды. Ол бұндай жағдайға қалай түсті? деген секілді сұрақтарға жауап іздегім келген жоқ. Өйткені ол менің жүрегімде мәңгі тірі күйінде сақталып қалды.

***** ***** *****
Әлгі үстіне ақ гүл кестеленген жасыл кебіске тесіліп қарап тұрғам, кенет оның артындағы перде қозғалғандай болды, бұрылып қарасам пердедегі ұсақ көбелектер оның басында ұшып-қонып жүр екен. Ол 17-18 жастардағы кезіндегідей нәзік те қағылез. Ұшып келіп жер бетіне жаңа ғана қонған періште секілді. Мен артыма бір адым шегініп барып тұрдым, алдыға бір аттасам ол менен үркіп, ұшып кететін секілді. Мен осылай артқа бір адым шегіне берген аралықта ол жиырмадан асқан бейнесіне келді. Сөйтті де ол да артқа шегініңкіреп барып тұрды. Осы кезде оның бетін әжім басып кетті. Ол ішек-сілесі қата қатты күлді. Мен әлгі кішкентай төсекке отыра бердім де, кенет орнымнан ұшып тұрып, атқан оқтай тездікпен оған тұра ұмтылдым. Осы сәтте ол қайтадан он жеті жастағы бейнесіне қайтып келді. Оған уақыттың шектемесі жүрмейтін секілді, бір секунттың ішіндегі көзіммен көріп өзгеріс соның дәлелі. Мен орындыққа жайғастым, ол менің құшағымда отыр. Мен де 15-16 жылдың алдындағыдай бет-жүзім албырап, ерекше сезімде отырмын. Осылай отырғанда екеуміздің жүрек қанымыздың сылдыры бір-бірімізге ап-анық естіліп тұрды. Арада қанша уақыт өткенін білмеймін. Ақыры дауысымызды тауып алдық. Сосын ернімді оның құлағына тақап тұрып:
– Сен мұнда жалғыз өзің тұрасың ба?- деп сұрадым.
– Мен мұнда тұрмаймын, мына жерде тұрам, – деп ол менің жүрек тұсымды нұсқады.
– Сен мені ешқашан ұмытқан жоқсың ба? Солай ма? – дедім мен оның қолын сығымдай ұстап.
– Басқалар сүйген кезде жүрегім сені көріп тұрады.
– Бірақ сен өзгелердің сені сүюіне рұхсат бердің ғой, – дедім зәредей де қызғанышсыз.
– Махаббат тек жүректе ғана өмір сүреді. Ерін оны әсте әлсірете алмайды. Саған мені сүйме деген кім бар?
– Мен ата-анаңнан қорықтым, сосын шетелге кетіп қалдым.
Менің осы сөзіме ол басын изеп тұрды да:
– Қорқақтық сені бәрінен айырды, алыс кету махаббатты адастырды, – деді.
Сосын ол маған өлерінің алдындағы жағдайын әңгімелеп берді. Мен шетелге кеткен жылы оның анасы дүние салыпты. Сонымен оның жүріс-тұрысы еркін бола бастаса керек. Жайқалған гүлдердің көбелектерді шақыра бастайтыны секілді, оған сөз салушылар көбейе бастапты. Бірақ ол сонда да мені ойлаумен күндерін өткізе береді. Махаббатпен салыстырғанда, тәнде қайдан төзімділік болсын?! Оның үстіне махаббат гүлінің бәрі шытыргүл емес қой. Сөйтіп ол бір жас жігіттің махаббатын қабылдапты. Айтуынша әлгі жігіт маған қатты ұқсайды екен. Жігіт оған өле ғашық болыпты. Бірақ ол мені еш ұмыта алмапты. Әрине, тәннің тоят табуы махаббаттың мауқын баспайды, бет-бейненің ұқсастығы ғашық-жарды ұмыттыра алмайды. Күйеуінің күдік-күмәні күшейе түседі. Ол ақыр-аяғында жүрегінің Оңтүстік Азияда екендігін мойындайды. Осыдан кейін олар ажырасып кетеді. Бұл кезде оның әкесінің байлығы біржола күйреуге бет алады. Сонымен ол еріксіз тағы да тұрмысқа шығуға мәжбүр болады. Бұл жолы әкесіне аз да болса көмегін тигізу мақсатымен бір байдың баласына сатылып кете барады.
– Сабақ өтіп ақша таппадың ба? – деп сұрадым мен.
– Мен тек бастауыш мектепке ғана сабақ бере алам ғой, ондай мардымсыз ақша әкемнің темекісіне жетпес еді…
Екеуміз де бір сәт сілейіп отырып қалдық. Осы сәтте мен: «Егер сол кезде қайтып келген болсам, менің қаржылық жағдайымда оның әкесіне қолұшын бере алар ма едім? Мүмкін оның сатылып кетіп бара жатқанына қол қусырып қарап отырмас па едім?», – деген ойларға тізгін бердім.
– Мен махабатымды жүрегімнің түбіне тығып тастадым да, – деді ол сәл үнсіздіктен соң, – тәнімді сатып тапқан тиын-тебенмен оны асырай бастадым. Мен тәнім баяғыда-ақ өлген, махаббат деген жоқ нәрсе деп ойлап жүріппін. Сөйтсем мен қателесіппін. Жарайды, бұны қазірше доғара тұрайықшы. Содан ол мені күндеп, Не істемейін, қайда бармайын, сар ізіме түсіп аңди бастады. Алайда ол менен бәлендей кінә таппағанмен, тегінде менің өзін сүймейтінімді сезді. Осылайша оның мені жек көруі бірте-бірте ашық қорлауға өзгере бастады. Тіпті таяқтың астынан алатынды шығарды. Осындай қорлық пен зорлық менің көңілімнің өзгеде екендігін мойындауға мәжбүр етті. Әрі қарай кеңірдектің қамы да қиындай түсті. Содан не керек, бір күні ол мені үйінен қуып шықты. Керек болса, бір көйлек те бермей шығарды. Ал әкем болса, сол баяғы менің қолыма қарап отыр, өзім де екібастан кеңір ішіп-жеп, жақсы киініп дағдыланған адаммын. Мен тәннің қажетін қанағаттандыру үшін тәннің өзінен пайдалану керек деп шештім. Оның үстіне менің тәнімнен өзге кәдеге жарайтын түгім де жоқ еді. Осылайша маған ақша бергендердің бәрі менің шаттығымды бір-бірден сатып әкетіп жатты. Шаттық демекші, менің күлкім сондай керемет болатын. Әрине, мен ол күлкіні айнаға қарап тұрып үйреніп шықтым. Жаңа орта көбінде өткен өміріңді есіңе түсіре береді. Бұндай ұсақ саудада кезігетіндер тіпті әлгі байдың мырзасынан да қиындау болатын. Ал көшеде, мені көргендер ту сыртымнан нұсқап күрсінісіп жатар еді. Ал мен біртәуірі азат болатынмын. Кейде, тіпті анау онша киініп-жасана алмаған әйелдерді көргенде оларға жаным ашитын. Мен жалпы төрт рет жасанды жолмен түсік тастадым. Жанға батқан ауыру сейіле бастайды, мен ле күліп шыға келем.
Бастабында менің атақ-даңқым жаман болған жоқ. Сондықтан мен бай-манаптардың бөлмелеріне қызмет көрсетіп жүрдім. Оның үстіне мен аздап хат танитыным бар емес пе, содан да болар, ескілі-жаңалы қонақтардың бәрі менің қызмет көрсеткенімді қалайтын. Менің ол кезде қалай киіну мен қалай боянудан өзгені ойлауға, тіпті ақша жинауға мұршам бола бермейтін. Өйткені бүгінгі сұлулық – бүгінгі тіршілік. Ертеңгі күн саған өз ризығымен келеді. Шаршап-шалдығу деген болашақ үшін емес, көз алдағы тірлік үшін болу керек. Көп ұзамай бұл тірліктің өзі де тұйыққа тірелді. Әкемнің шылымы деген де түпсіз құдыққа айналды. Жасанды түсік жасатуға көп қаржы керек болатын. Бұрынырақ та ақша жинауды ойлаған жоқпын, әрине, ақша да өз-өзінен жиналмайды. Бұл жағдай мендегі болмашы ар-намыстың өзінің күлін көкке ұшырды. Енді мен ақша табудың ең масқара жолына – ұрлауға, тонауға көштім. Біреулер ту сыртымнан мені нұсқап күрсініп өтсе, мен оларға бұрылып мәз болып күлетінмін. Бір рет бала түсіру жасыңды екі-үш жылға ұлғайтып жіберетін. «Бетің қисық болса, айнаға қалай өкпелейсің?», мен айнадан өзімнің кәртайғанымды байқадым, есуастық тез қартаюдың төте жолы екен. Мен тәнімнің барлық мүмкіндігін сарқа пайдалана отырып, жұртқа қызмет көрсеттім. Өйтпесем, одан өзге шығар жол жоқ еді менде. Мен есікті ашып қойып ұйықтайтынмын, өйткені мен өзімдікі емес, көптікі – елдікі едім. Бір тәуліктегі жиырма төрт сағаттың қай кезінде, кім болмасын менің тәнімді сатып алуына болатын. Осылайша мын мынау ояу өмірден аласталып, нәпсі теңізінің тұңғиығына батып кеттім. Менің саусақтарымның бар қарекеті ақша санау ғана болып қалды. «Қайткенде бес тиынды артық табам» дегеннен өзге менде ешқандай ой болған емес. Әрі мен әсте жылаған емеспін, себебі жыласаң түрің жаман болып кетеді. Қысқасы ақша үшін мен өзімді мүлде ұмытып кеттім.
Сөзі осы араға келгенде ол сәл-пәл тыныстап алғысы келгендей үнсіз қалды. Менің көзімнен сорғалаған жас оның киімін су ғып жіберді.
– Өстіп жүргенде сен қайтып келдің, – деп әңгімесін әрі қарай жалғады, – бұл кезде сен де отыздан асып кеткен азамат едің. Ал сенің он жеті жасар бейнең ғана менің көз алдымда. Сенің көзіңнің баяғыдағы – одан бері қанша жыл болды? – менің жасыл кебісіме қарап отыратын көз емес. Бірақ сен қалай болғанда да өзің едің. Мен болсам баяғыда өлгем. Сондықтан сенің сол алғашқы махаббат туралы әрі қарай да тәтті қиялға шома беруге хақың бар еді, менде болсам қиял атаулымен қош айтысқам. Бір қызығы, сен қайтып келгенннен кейін менімен үйленгің келетінін білдім әрі оған ешқашан да, зәредей де күмәнім болған емес. Бірақ сені көрген кезде мен өзімді жоғалтып алған болатынмын. Себебі менде саған сыйлай қоярлық ештеңе жоқ еді… Сен келмей тұрған кезде, сені сүйетіндігімді кімге болса да, еш екіленбестен айтып жүрдім. Ал сенің қайтып келгеніңді көргенде мен бір ессіз күлкіні ғана серік еттім. Менің осындай күйге түсуімді күтіп жүргендей, енді келгенің кісіні мазақ ету емес пе? Егер сен келмеген болсаң, мен Оңтүстік Азия туралы шырын қиялмен, ал сен жүрегіңдегі менің бейнеммен өмір сүре берер едік. Осылай болса қандай керемет болар еді?! Алайда қырсыққанда сен қайтып келдің, келгенде де тым кеш келдің…
Оның әңгімесі осы тұсқа келгенде:
– Кешігіп келу деген үлгіріп келмеу деген сөз емес қой, – деп сөз қыстырдым мен.
– Кешікті дегеннің өзі үлгірмеді деген сөз. Мен өзіме өзім қол жұмсадым.
– Не дейсің?
– Мен өзім өліп алдым. Тағдыр мені тек сенің жүрегіңде – бір шумақ өлеңнің ішінде өмір сүруімді ьұйырды. Әрі қарай тіршілік пен өлімнің қандай айырмашылығы болуы мүмкін? Дәл түсік тастап жатқан кезде өзіме қол жұмсадым. Менің жанымда әрілі-берілі жүрген сені көрдім, мен күлейін деп күле алмадым. Күлмегенім, мен не үшін ақша жинадым? Менің алдымда бір ғана шығар жол – өлім даңғылы тұрды. Сен кешігіп келдің, бірақ енді менің кешігіп өлуге еш хақым жоқ. Егер менің өлімім кешігетін болса, онда мен сенің жүрегіңнен де өшіп кетуім әбден мүмкін. Мен қазір осында тұрам, бұл жер сенің жүрегіңнің төрі. Мұнда күн нұры жоқ, еш дыбыс жоқ, тек қана біраз бояулар ғана бар. Бояу деген мәңгілік нәрсе. Олармен біздің өткен күндеріміз сызылады. Анау жап-жасыл кікентай кебісті қарашы, бояуы болғандықтын біз оларды мәңгі танимыз.
– Дегенмен мен сол кебісті киіп тұрған аяқты да танимын, көруге бола ма?
Ол басын шайқап, күліп қойды.
Мен алған бетімнен қайтпай, оның аяғын мықтап ұстап алдым да, шұлығын шешіп жіберіп едім, аяғының етсіз, ақ жоңқа сүйегі шыға келді.
Ол мені:
– Кет, бар, – деп итеріп жіберді де, – бүгіннен бастап екеуміз енді қайтып кездеспейміз. Менің тек сенің жүрегіңде ғана тұрақтап қалғым келіп еді, ол да болмайды екен. Ендігі арманым сенің жүрегіңде менің жастық шағым ғана өмір сүрсін.

***** ***** *****
Күн батысты бетке алып қиыстап барады. Жел де күшейіп, салқындай түсті. Шығыс көкжиекке қара бұлт ілініп қалыпты. Көкшіл мұнар түсімдегіден гөрі өшкіндей бастағандай. Мен орнымнан тұрып, анау жап-жасыл қарағайлы алқапқа қарадым. Осылай қанша тұрып қалғанымды өзім де білмеймін. Ту алыстан қараңдаған адамдар байқалады, анық естілмегенімен, әлде қандай музыка әуені келеді құлаққа. Олар баған сайын жақындап келеді. Олардан үріккен кілең ақ қанатты құстар бір аянышты әуенмен анау таудан әрі асып кетті. Әлгі адамдар енді анық көріне бастады, жүрістері суыт бір топ адам. Бәрі шамалап-шамалап топырақ көтеріп алыпты. 4-5 барабаншыны алдыда келеді. Одан соң бірнеше ақ киімді адам, ең соңында табыт. Көктемде де адам жерлейді екен ғой. Шашып кеп жіберген қағаз ақша атыз басын көбелектей жауып кетті. Шығыстан көтерілген қара бұлт қоюлай түсті. Талдардың жасыл бояуы одан сайын қоюлай түскендей, бірақ өңдері тым сүркей. Көңілім ел көшкендей құлазып қалды. Көктемді аңсап ағаш басында мәңгі қалып қойған екі тал жапырақ секілді әлгі бір жұп жасыл кебіс көз алдымнан кетпей қойды.

Қытай тілінен тәржімалаған: Дүкен Мәсімханұлы.

Оқи отырыңыз

1 пікір

  1. Ербол Алшынбай 9 Наурыз 2011 at 10:26

    Қытайдың жазушысына қиғысыз екен. Аударманың мықтылығы ғой.

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!