КӨСЕГЕМІЗ КӨБЕЙСЕК КӨГЕРЕДІ

Мақалалар 论著 1 Comment on КӨСЕГЕМІЗ КӨБЕЙСЕК КӨГЕРЕДІ 16

КӨСЕГЕМІЗ  КӨБЕЙСЕК  КӨГЕРЕДІ

Бұрынғы кеңес одағы өңірінде өмір сүрген өзге де халықтар секілді, қазақ халқының да құдай көз жасын көрген шығар, әйтеуір, табандатып үш ғасыр армандаған азаттағымызға қолымыз бір жетуге жетті! Бақсақ, көбіміз тек осының өзіне ғана “шүкір” деп мастанатын, масаттанатын сыңайлымыз… Әрине, шүкірі – шүкір ғой! Бірақ тәуелсіздікті алу бар да, оны бекемдеу, баяннды ету бар емес пе?! Осы реттен келіп, тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі жай-күйі масаттануға тұра ма? Деген мәселе төңірегінде ағайынмен ой бөлісер болсақ, әркім өзінше уәж айтары белгілі.
Яғни біреулер “көш жүре түзеледі” дейтін көнбес қағидаға иек артса, енді біреулер тәуелсіздіктен кейінгі бар құбылысқа “қара көзілдірікпен” қарап, бәрін сыпырмайым жоққа шығарады. Тіпті “не болса сол болсын, гүл болмаса бүл болсын, маған бәрі бір” деп қолын бір-ақ сілтеп жүре беруді жөн санайтын “азғындар” да аз емес. Одан да сорақысы, “қайран совет! бәрі тегін еді ғой…” деп құлдық күніне жоқтау айтатындар да табылады. Демек туған елінің, “мың өліп, мың тіріліп” жеткен азат мемлекетінің ертеңіне деген қазақтардың (мемлекеттің қожасы!) таным-пайымы, позициясы міне осындай…
Сонымен осы тақылетті таным-пайыммен өткен азаттықтың тоғызыншы жылы артта қалып барады. Алдымызда Алла бұйырса, дербес мемлекет болғандымыздың оныншы (Он!) жылы. Ия, ОН ЖЫЛ! Бұл “аз” деп алдаусырата салуға да, “көп” көкезулеуге де көнетін уақыт. Дегенмен, бұл он жыл – елім деген есті азамат үшін, өзін Қазақ дейтін халықтың саналы да сауатты перзентімін деп есептейтін адам үшін, осы елдің тізгін-шылбырын қолында ұстап келе жатқан ел ағалары үшін кеңінен бір ойланып-толғанып алуға, басқан ізді сарабдал сананың сүзгісінен өткізіп, алдағы жүрер жолды жан-жақтылы айқындап алуға тиісті уақыт.
Жалпы уақыт тұрғысынан да, адами өмір тұрғысынан да “бүгін-ертеңнің” екені айдай ақиқат. Олай болса, ертеңді ойламау дегеніңіз бүгінді тәркілеу; ал бүгінгі мән бермеу болса ертеңнің тамырына балта шабу деген сөз. Сондықтан атам қазақ баяғыда-ақ “ертеңін ойламаған ерден без” дееп айтып кетпеп пе еді?! Демек бүгінгі тіршілігіміздің бәрі ертеңгі болашағымыз үшін екенін ұмытудан үлкен қасірет болмауға тиіс.
Жасырары жоқ, ел ертеңін ойлаған есті азаматтар, сауатты қауым – бүгінгі күннің өзекті проблемаларын ашынып айтып та, жар салып жазып жатыр. Ондай көп сөз болатын проблемалардың тізімінен ешқашан тіл, дін, білім (ұрпақ тәрбиесі деп ұғыңыз), мәдениет… қатарлы рухани күретамырларымыз түсіп көрген емес. Ол әрине заңды да. Себебі халық ретінде өмір сүруіміз үшін, аты-затына сай мемлекеттік ұлтқа айналуымыз үшін рухани күре тамырсыз еткен тірліктің бәрі далбаса. Дей тұрғанмен, осы мәселеде ең басты, аса өзекті факторға жете мән бермейтін сыңайлымыз. Ол – өз халқымыздың республикамыздың демографиялық ырықсыз жағдайы. Бұл мәселеге жеткілікті мән берілмейінше, мемлекеттің маңызды саясаты ретінде кешенді түрде іс-шаралар жасалмайынша, көтеріп жүрген көп проблемаларымыздың біреуінің де оңды шешім таба қоюы неғайбыл.
Бүгінде, қазақ халқының республикамыздағы үлес салмағы 50 пайыздан асты деп, бөркін аспанға атып жүргендер көп. Оған әрине, қуанған дұрыс, бірақ мақтануға әлі ерте! Өйткені республикамыздағы қазақтардың саны жеті милионнан астам ғана, қалғаны өзге ұлттар. Оның үстіне, жаңағы көрсеткіштегі қандастарымыздың бәрі қазақ тілді, ділі, діні бүтін болса ғой… Өкініштісі, олай емес екенін кімнен жасырайық?! Демек ұлттың рухани тұрпатына өкілдік ететін қазақтардың өз еліндегі тірлігі “жалғыздың үніндей, жаяудың шаңындай”- бейшара жағдайда. Бұндайда оның қайтіп өз тілі өркен жайып, мәдениеті көгеріп-көктесін?! Кеңес одағы келмеске кетті дегеніңізбен, ол орнықтырып кеткен империялық тіл бүгінде тонын аударып киіп, ауылдағы қазақтар үшін баласын қалаға кіргізетін тілге, қаладағы қазақтар үшін ұрпағын ұшпаққа шығаратын тілге айналып отыр. Бұл-нарық талабы, демократия… тағы бірдеңе. Ал енді қазақтың тілін, дінін, ділін өрге сүйреп көр! “Көптен қорықпай, тереңге батпай” кемесін өрге жүздіре беретін қай құдайдың еркесі еді бұл шөкімдей қазақ!? “Атының басын алып жүргені қалып, енді жорғасы дейді” демекші, кей ағайын қазақша басылымдардың тиражын, қазақ тілді журналистердің қарымын сөз еткіш. Атакәсіпті, ұлттық дүниетанымды, халықтық музыканы дәріптегіш. Оу, садағаң кетейін., өзелің, өз жеріңде бір он бес-жиырма миллион болып отырсың, бұл мәселелерге басың қатыр ма еді?! Ал қазір бас қатырмақ тұр ғой, бас жар, ештеңені өзгерте алмайсың. Себебі азсың, азсың! Тағы да азсың!
Жоғарыда айтқанымыздай, бізде көп сөз болатын мәселенің бірі – тіл. Енді демографиялық факторды басшылыққа ала отырып, тіл туралы ой өрбітіп көрелік. Тәуелсіздіктің арқасында Ата заңымызға “мемлекеттік тіл – қазақ тілі” деп жазарын жазсақ та, недәуір қиындықпен қабылдадық. Бұл қиналудың себебі тағы сол аздығымыз. Әйтеуір, құдай оңдап, әруақ қолдап, заң қабылданды. Бір қызығы, қағаз жүзінде болса да, солай қабылданғанына есіміз кете қуандық. Ал осы қуанышты не деп түсіндіруге болады? Әлдеқалай дүниежүзіндегі басқа бір ел «қазақ тілін мемлекеттік тіл» етіп қабылдаса немесе БҰҰ іс жүргізетін алты тілінің үстіне, жетінші етіп қазақ тілін қабылдады десе оған қуануға болар еді. Ал “қазақ елінде мемлекеттік тіл-қазақ тілі” болды деп қуану – “балықтар суда өмір сүретін болыпты” дегенге мәз болғанмен бірдей емес пе?! Ал біз шын қуандық. Себебі отаршыл елдің өкілдері мен өзіміздегі “интернационалистердің” аз да болса “қазақ” деген атты сыйлағанына мәз болдық, соған-ақ төбеміз көкке жетті! Бірақ олар бізді “силаса” өздерінің ұтылмайтынын біліп силапты. Егер бұл секілді ерекше қажеттілік болып жатса, Франция да, Жапония да… тіпті Қытай да ата заңына екіленбей-ақ “Қазақ тілі – мемлекеттік тіліміз” деп жаза салған болар еді. Ия, алға қойған ұлы мақсатқа жету үшін, қағаз жүзінде қала беретін бір сөйлем сөзде тұрған не бар дейсің, тәйірі?! Жаманнан қатты, әлгі аталған елдердің қара ормандай қалың бұқарасы қағазға жазылған екен деп қазақша сайрай жөнеледі дейді… Тура сол секілді біз де ата заңымызға жазып алдық, не бітті? Не ұттық? Тіл туралы заңның үнін нанрық заңы тұншықтырды. Демократия “ресми тілдің” тиірменіне су құйып жүр… Сөйтіп бәрі кері кетіп барады. Мемлекеттік тілдегі газет-журналдардың біразы жабылды, қалғандары “шықпа жаным, шықпамен” ілдалдалап әрең келеді, қанша өмір сүрерін бір құдай өзі біледі. “Алатау” телеарнасы мен “Шалқар” радиосын нарықтың құрбандарына шалдық. Қалған телерадиолардың қазақша берілетін сағаттарын ауызға алудың өзі тіпті ұят. Себебі, қазақтың тілі мен мәдениетіне отаршылдар о баста орын қалдырмаған. Ал тәуелсіздіктен кейін қанша ұамылғанымызбен шамамыз келмеуде. Өйткені бүгінде қазақтардың көбінің дүниетанымы, эстетикалық талғамы, құн көзқарасы… мүлдем өзгерген, бұл бір. Екіншіден, тәкелсіз елімізде өте азшылықпыз. Аз болған соң “көптен қорқып, тереңнен тайсақтап” күн кешуге мәжбүрміз. Үшіншіден, демократия. Төртіншіден, нарық! Қарапайым ғана мысал, таралымы аз газет-журналымызға, көрермені мардамсыз телерадио арналарымызға ешкім жарнама бермейді. Егер көп болсақ, жаңағы кәсіпкерлер мен саудагерлер жарнамаларын бізден ақыл сұрамай-ақ, өздері үшін қазақша дайындап, қлымызға ұстатар еді…
Тіл туралы сөз болғанда, мына жағдай еріксіз еске түседі, бүгінде “халықаралық қазақ тілі” қоғамын немесе тіл департаментін “түк тындырмады” деп жазғырушылар аз емес. Сонда оларға “не қыла қоймадың” дейміз?! Жұртқа мәлім болғанындай, тілді жалпыластыру деген – техниканы жалпыластыру емес. Тіл – іргелі де күрделі қоғамдық құбылыс. Онда халықтық болмыс, ұлт тағдыры, елдік саясат… жатады. Олай болса, халықтық болмыс, ұлт тағдыры, елдік саясат дегендер тізеге салуға, белден басуға келмейді. Ал ел ішінде халқыңның саны көп болып, әлеуметтік ырықты орында тұратын болса, онда тіл туралы заңдар қабылдап, комитет, департамент, қоғам құрыпәуре болмасаң да, өмірдің өз ырғағымен, күнделікті тіршілік талабымен-ақ, ана тілдің арбасы алға жылжи берген болар еді. Олай болса, тіл саласында тер төгіп жүрген ағайындарды ыстық табаққа салып, шыжғыра беруден де ұтарымыз шамалы. Сондықтан бәрі айналып келгенде аздығымыздың кесірі екеніне мойынсал бола отырып, бар мәселеде істе тура осы олқылықты толтырудан бастау керек. Егер олай болмай, бірден басқа бағытқа, тармақ мәселеге кіріссек, онда ол әрі болғанда болашақтың тамырына балта шабу, бері болғанда өзіңді-өзің алдау болып шығады. Мәселен, қытай елінде Юань хандығын (1206-2368) құрған Шыңғысхан ұлы Құбылай да (ұлты монғұл), Цинь хандығын құрған (1616-1911) Әсенжол Нұрқаш та (ұлты манжур) өз халқының тілдерін о баста хандық тілі деп жариялаған болатын. Бірақ билік басындағы аттөбеліндей шонжар-төрелер мен әскерлер ғана сөйлейтін тілмен ел билеудің мүмкін еместігі күн өткен сайын дәлелдене түсті. Сонымен не керек, ұзамай жергілікті халықтың тіліне көшуге тура келді. Жүре келе дінін де қабылдады. Бірте-бірте өздері хань (қытай) ұлтына сіңіп, жұтылып жоқ болды. Міне азшылықтың қасіреті!
Ал енді жұрт арасында көбірек өрістеп жататын бір әңгіме дін төңірегінде. Дұрыс, әрқандай бір халықтың іргелі ұлттық болмысын ұстап тұратын алтын діңгек осы – дін. Ол – отаршылдар айтып жүргендей “апиын” да емес, “насыбай” да емес. Керісінше, бүгінгі ұғыммен айтатын болсақ, дін дегеніміз елдік болмысты айқындап әрі ұстап тұратын, қатепті халықтық идеология. Олай болса бір халық екінші бір халықтың идеологиясын не зорлықты күш арқылы, не үгіт-насихат арқылы немесе қуатты экономикасы арқылы қабылдайды десек, осының бәріне де шама керек. Ал қуаттың, шаманың тірелер жері – АДАМ!
Тарихқа көз жіберіп қарасақ та, ешқашан көп халық аз халықтың дінін (яғни идеолгиясын) қабылдамағанына куә боламыз. Негізінде оның екі түрлі себебі бар: Біріншіден, саны көп халықтар ежелден өзімен-өзі болып, дербес ел ретінде өмір сүріп келе жатқандықтан, олардағы білім-ғылымның, ой-сананың дамуы ылғи өзгелердің шылауында жүретін саны аз халықтармен салыстырғанда жүйелі де қарқынды болып келеді. Осыдан барып, экономикасы мен техникасын айтпағанның өзінде, кемелді таным жүйесі қалыптасады. Екіншіден, жасыратын несі бар, саны көп халықтардың өкілінде көптігіне сенуден қалыптасқан мен-мендік ауыр болатындықтан, оларда көбінде өзінікінен басқаның бәрін мешеу деп қарайтын тоғышарлық психология басым болды. Сол бойынша олар өздеріндегінің бәрін өзгелерге зорлап таңып, елдікінің бәрін (әсіресе саны аз халықтікін) қақпайлап, мансұқтағысы келеді де тұрады. Сөйтіп бірте-бірте өзгелердің жандүниесін, таным-талғамын жаулап алуды мақсұттайды. Әрине күқуаты жетіп тұрған соң бара-бара бар мақсатына да жетеді. Мәселен, бүгінгі іргелі діндердің қайсысын алып айтсақ та, о баста оның еш қайсысы да саны аз халықтардан шықпаған. Басқа емес, Орта Азия, Қазақстан өңірінде жасаған халықтардың өзіне кезінде Арабтар ислам дінін “білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен” зорға қабылдатқаны кімге құпия?! Сол заманның өзінде мыңдаған-миллиондаған дін ұстаздары (молда-қожалар) әлемнің түкпір-түкпіріне барып, ондағы халықтармен сіңісіп кеткені де тарихи шындық. Олай болса, біз осының тасасында жатқан шындықты – арабтардың жан санының ерекше мол болғандығын неге ескермеуге тиіспіз?! Ал бүгінде арабтар ірге кеңейтпегенімен, дүниежүзіндегі ислам мүриттерінің көптігінің өзі-ақ араб халқының айбынын асырап тұрған жоқ па?! Арабтар үшін (тіпті мұсылман баласы үшін) Ислам әлемі деген сөздің өзі неге тұрады!
Демек, бір халықтың демографиялық әлеуетіне (жан саны) тікелей қатысты. Олай болса жетпіс жылдық атеистік тәрбиенің “арқасында” дінінен айырылуға шақ қалған мына біздер үшін, ендігі жерде туған халқымыздың демографиялық деңгейін көтерудің мән-маңызы ерекше. Олай болмайтын болса, діннің исі мұрнына бармайтын бүгінгі жастарымыз “ел қайда көшеді” деп, әйтеуір кез-келген бір дінге шоқынады да кетеді. Оның несін жасырайық, солай болып та жатыр. Ал бұл жағдайды заң-жарлықпен өзгертудің мүмкін еместігін жақсы білеміз. Өйткені Атазаңымызда азаматтардың дінге сену-сенбеу еркіндігіне, сенсе қай дінді ұстану керек екендігіне шек қойылмаған. Әрине біз бұл ретте Атазаңды кінәлаудан аулақпыз. Алайда, халқымыздың діни тұтастығын қорғауға хақымыз бар. Себебі діни бірлігі жоқ халықтың рухани тұтастығы болмақ емес. Яғни ертеңгі күні халқымыздың “мұсылман қазақ пен кәпір қазаққа” жіктеліп, ырылдасып жатқанын көргіміз келмейді! Бірақ бұл біздің субъектив аңсарымыз ғана. Шындық пен тағдыр әсте біздің қалауымыз бойынша иіліп-бүгіле бермесі анық. Сондықтан ертеңгі күні онсызда аз қазақтың ішінен мұсылман қазақты шырақ алып іздеп жүруден құдай сақтасын дейік! Бұл ретте жаратушы иеміздің: “Сақтансақ сақтайтынын” еске алсақ та жеткілікті.
Ал енді ұлттық діл төңірегіндегі әңгімеге келетін болсақ, ол туралы ақиқаттың басы ашық тұр деуге болады. Яғни анатілдің тынысы тарылып бара жатқан жерде, халықтың сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан діні сұйылып бара жатқан жерде, діл туралы сөйлеудің өзі басы артық әңгіме. Себебі марксизмшілдер жан сала дәріптегендей “тіл – тек қана адамдардың қарым-қатынас жасайтын құралы” ғана емес. Онда сол халықтың дүниетанымы, құн көзқарасы, өмір сүру қағидалары, ұлттық мінез-құлқы, болмыс-бітімі жатады. Мәселен, қазақ халқында “жаман адам –кекшіл”, “алдыңа келсе атаңның құнын кеш” деген мақалдар бар. Осы тілді ана тілім деп есептейтін адам кекшіл болмайды немесе кешірімшіл болуға тырысады. Ал енді қытай халқында “нағыз еркек үшін он жылдан соң кек алу да кеш емес” деген мақал бар. Бұл тілді ана тілім деп есептейтін адам шектен тыс кекшіл болады немесе кекшіл болуды тектілік, еркектік қасиет ретінде танып өседі. Оны көзімізбен көріп, басымыздан өткізіп келдік… Демек бір тілде сол халықтың құн көзқарасы, ұлттық мінез-құлқы жатыр ма? Жатыр. Олай болса тілді тек қана “қатынас құралы” деп түсіндіру, әншейін, бала алдағандкай бос сөз. Бірақ отаршылдардың бұл саясатының тасасында аса ірі құбыжық мақсаттар жатыр еді. Ол мақсат болса – тілінен айырылған халықтың ділі өшеді, ал ділінен айырылған халықты ассимилациялаудан оңай шаруа жоқ деген шовинистік пиғыл еді. Енді дін болса – ділдің күретамыры, яғни алтын діңгегі. Әсіресе діннен ажырағаннан кейінгі жерде ділің далада қалады. Өйткені дінде (әсіресе ислам дінінде) имандылық, инабаттылық, дүниетаным, тазалық, ар-намыс, еңбексүйгіштік, обал-сауап, адал-арам, ұрпақсүйгіштік… секілді кісіліктің басты шарттары мен мазмұндары жатыр. Дін кеткен соң, осынау шарттар жойылады. Бұлар жойылды деген сөз, адамдар бірұлт емес, жай тобырға айналды деген сөз! Жай тобырды әркім-ақ қайырып, алдыға салып айдап, керегіне жарата бермей ме?! Оның үстіне қайыру бермейтіндей соншалық көп болсақ бір сәрі, шөкімдей ғана аз халықты қамалап, айдап әкету алпауыт елдер үшін түк те емес. Әрі ділден айырылған жұртта оған қарсылық та бола қоймайды.
Ұзын сөздің қысқасы, біз, дәл қазір қазақ халқының, еліміздің тағдырына қатысты қандай проблема болса, соның бәрі халқымыздың жан санын көбейту арқылы ғана тез әрі жеңіл шешуге болатын мәселелер деп есептейміз. Яғни көбеймесек көсегеміз көгермейді. Олай болатынын себебін жоғарыда таратып айттық. Ал енді қазақ халқының өз еліндегі демографиялық әлеуетін көтерудің қандай мүмкіндіктері мен жолдары бар? Енді сол туралы аз-кем аялдай кетелік.
Заман тыныш болса, көлденең көп кесапаттан аман болса, жалпы өсем, көгеріп-көктеймін, көбейемін деген халықтың мүмкіндігі аз болмауға тиіс. Ал қазақ халқының мынадай жолдар мен іс-шаралар арқылы көбеюге мүмкіндігі бар.
Біріншіден: Ата-бабаларымыздан қалған “балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар”, “адам мың жасамайды, ұрпағы мың жасайды”, “атадан пұл қалғанша үл қалсын”… деген танымды бүгінгі жас жұбайлардың, жастар мен жас өспірімдердің санасына сіңіріп, жанына терең ұялатып, олардың өзгелерге жалаң еліктеуден туған отбасын жоспарлау ниетін түбірінен өзгерту керек. Бұл мәселеде әрбір ата-ананың атқарар ролі ерекше. Олар өз ұрпақтарынның құлағына сәби кездерінен бастап көп балалы болудың өзінен бастап мемлекетке дейінгі тигізер пайдасын, игілігін сәт сайын құйып отыруы керек. Сонымен бірге жастардың өзге халықтарға жалаң електеуіне жол бермей, басқалардың демографиялық жағдайын, елдік әлеутін олардың есіне жиі салып тұрған дұрыс. Осы тұста мынадай мәселе еске түседі, бүгінде біздің қазақтар, отбасында балаға елдік есеппен, ұлттық мүдщдемен, мемлекет тағдырымен байланыстырып тәрбие беруді ұмытқан. Есесіне тауып, бағып-қағып отырған бірді-екілі баласын әрі кеткенде “қызмет қылып, шен алуға”, бері болғанда “нан тауып жеуге” баулиды, сол туралы тәрбиені қақсап көп айтады. Бұл мәселемен, әрине, мемлекеттің айналысуы да еш артықтық етпейді. Мәселен, жас шаңырақтардың көп балалы болғысы келмеуінің сыры неде? өзгелерге еліктеу ме? әлде шынымен де тұрмыс тауқыметі солай итермелеп отыр ма? Деген секілді мәселелердің жауабын мемлекеттік деңгейде қарастырып, тиісті шешімдер қабылдау қажет. Сондай-ақ “алтын алқалы”, “күміс алқалы” ана болуға қойылатын талапты тым аспандатпай, бүгінгі заманға (аналар денсаулығы, экология т.б. ескере отырып) лайықтаған дұрыс. Бізше болғанда, дәл қазіргідей заманда, “алтын алқалы” ана болу үшін жетіден көп перзентті, “күміс алқалы” ана болу үшін бес-алты перзентті өмірге әкелуді талап етсек те жеткілікті. Сонда ғана оған ұмтылушылардың қатары өсуі мүмкін. Сонымен бірге, жүктілік кезінде, жас балалы кезінде барлық аналарға және нәрестеге үкімет нақтылы әлеуметтік, экономикалық тиімділіктер иен жеңілдіктер жасап, жас жұбайларды көп балалы болуға ынталандырып отыру керек.
Екіншіден: Балалар үйіндегі тастанды сәбилердің шетелдіктерге асырап алуға берілуіне, сатылуына тиым салып, оларды мықты тәрбиеші аналар арқылы өз қанымызға тартып, бауырымызға басып тәрбиелесек, олардың бәрі болмаса да, көбінің еліміздің есті ұл-қызы болып ержетеріне еш күмән жоқ. Бұл сөзіміз бәзбіреулерге біртүрлі күлкілі сезілуі мүмкін. Бірақ бұл әлемдік практикада бар нәрсе. Негізінде бұл келешегінің кемелдігін ойлаған ұлт үшін, халқының саны мардамсыз, жері кең мемлекет үшін демографиялық әлеуетін көтерудің ұтымды шарасы болып табылады. Себебі тастанды балалар бізде бір-екі жүз емес, неше мыңдап саналады. Бұл ретте біз өзге емес, “өз ағамыз” өзбектерден үлгі алсақ та жетіп жатыр. Тәуелсіз ақпарат құралдарының мӨзбек үкіметі өз елінің жетім балалар үйіндегі сәбилердің бәрінің аты-жөнін, ұлтын өзбек қып жазып жіберетіні өз алдына, біздің Оәлімдеуінше, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының балалар үйіндегі сәбилерді де “асырап алу” деген желеумен көптеп әкетіп жатқан көрінеді… Мақсат не? Халықтың санын арттыру! Тастанды балаларды былай қойып, кезінде өзбекстандағы орыстан өзге ұлт өкілдерінің біразы “өзбек” болып жазылуға мәжбүр болғаны кімге құпия?! Бүгінде өзбектер 20 миллионға жетіп отырса, олар халық ретінде көбейсек деген әне сондай ынта-ықыласының, қажыр-жігерінің, кешенді елдік саясатының арқасында жетіп отыр. Түркияда демографиялық ырықтылыққа жетудің бұл тәсілі (тастанды балаларды түріктендіру, өзге халықтарды “түрік” деп жазып алу) ежелден бар үрдіс. Сондықтан республикамыздың түкпір-түкпіріндегі балалар үйіне ұлтжанды, мықты тәрбиешілер тағайындап, балаларды ұлтжандылыққа, имандылыққа, қазақстандық патриотизмге баулап өсіру қажет-ақ.
Үшіншіден: “Дүниежүзіндегі қазақтың саны он екі миллионнан асты” деп бөркімізді аспанға жиі атамыз. Дұрыс мақтан. Орынды қуаныш. Біздің межеміз бойынша, тіпті одан да көбірек болуымыз ғажап емес. Себебі ҚХР мен Өзбекстанның ресми мәліметіне сену ќиын. Мәселен, қытайдағы қазақтар туралы мынадай долбар есеп (бірақ ақылға қонымды) жасауға болады: Алтай аймағында 7 аудан, Тарбағатай аймағында 7 аудан, Іле аймағында 8 аудан – барлығы 22 аудан, бұған қазақтың 3 автономиялық ауданын (Баркөл, Мори, Ақсай) қосыңыз, сонда барлығы 25 ауданның тұрғыны қазақтар деген сөз. Ал осы аудандардағы тек қана қазақтардың қоныстану жиілігі – ең көбінде 150 мың, орташасында 80 мың, ең азында 60 мың адамның айналасында екендігін ескеріп, орта есеппен әр ауданда 80 мың қазақ бар дейік де, 25 ауданға көбейтіп кеп жіберсеңіз, екі миллион қазақ шығып тұр. Бұған енді Бұраталадағы, Санжыдағы, Үрімжі ауданындағы, Үрімжі қаласындағы, Құлжа, Күйтің қалаларындағы қазақтарды қоссаңыз, асырып айтпай-ақ қояйық, екі жарым миллион қазақ емін-еркін шығады. Ал өзбекстанда да екі миллионнан астам қазақ бар деген межеге сенгіміз келеді. Өйткені қай елде болмасын, өзге халықтардың санын кемейтіп көрсету мемлекеттік саясатта ежелден бар үрдіс. Бұл реттен келгенде көршілерді кінәлаудың қисыны жоқ. Тіпті қандастарымыз өмір сүріп отырған елдердің берген ресми мәліметіне сенген күннің өзінде, қазақ баласының үштен бірі телім-телім болып, дүниенің түкпір-түкпірінде шілдей тозып жүр. Ата жұрттағылардың халі әлгіндей…
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері шеттегі ағайын да елеңдеп, қопақтап қалды. Биыл көштің алдыңғы легі келгеніне оныншы жыл! Осы он жылда шеттегі ағайынның бір миллионын (тіпті жарты миллионға да жетпепті!) әкеле алмаппыз. Әрине, өкінішті! Міне біз осы шетте жүрген қандастарымыздың бәрін болмаса да (түгел келсе, тіпті де нұр үстіне, нұр болар еді!) келем деушілерін ел брлып, үкімет болып отан құшағына оралтып алсақ, жел кеулеген бүйіріміз бүтінделіп, ортамыз толып қалмас па еді?! Бұған кей ағайын бүгінгі “қиын кезеңді” көлденең таратады. Қазір қанша қиын болса да, “коллективтендіру”, “32-жылғы ашаршылық”, “отан соғысы” жылдарындағы қиыншылық жоқ қой. Одан құдай сақтасын! Сол қиын замандардың өзінде кәріс пен немістің, орыс пен украиндардың жетім-жесірлерін “жиендеріндей” асырап, үйінің бір бөлмесін босатып беріп, жарты күлшесін бөліп жеген қайран қазақ, бүгін өз бауырлары келгенде “қиын кезде бұлар да…” деп қыңқылдай бермей, баяғыдағы өзгелерге жасаған мәрттігі мен бауырмалдығын қандастарына да бір қайталап жіберсе, жас мемлекетімізге онша салмақ та түспес еді! Ал ресейдің “әнші кемпірлерінің” жылына қазақ қалталыларынан алып кететін ақшасына ауылды жерге 50 оралманның отбасын орналастыруға болады екен… Оны ойлап жүрген қазақ байы жоқ!
Қорытып айтқанда, Елбасының, Қазақстан үкіметінің шеттегі қандастарды көшіріп алу саясаты – ұлтымыздың болашағын, тәуелсіздігіміздің тағдырын ойлаудан туындаған ұлы бастама. Егерде оны “шеттегі қазақтарды құтқарып алу үшін” деп қана түсінсек қатты қателесеміз. Өйткені қазір алыстан келетін ағайынның отанға деген мұқтаждығынан гөрі, мемлекеттің оларға деген мұқтаждығы өте маңызды, төтенше шұғыл болып отырғаны ащы да болса ақиқат. Оның себебі туралы зиялы қауым өкілдері жан-жақтылы дәлелдеп, көп айтып жүр, біздің мақаламызда да жеткілікті айтылды ғой деп ойлаймыз. Егер аз десеңіз тағы бірер дәйектеме келтірелік, шетелдерде өмір сүріп жатқан бар қазақ отанға бірақ көшіп келді деп қиялдасақ, қазақстанның әрбір облысында бір миллионнан қазақ өмір сүретін жағдайға жетеді екенбіз. Ондай жағдайға жетсек, қазақ деген халық та, оның мемлекеті – Қазақстан да ертеңінен, тағдырынан алаңсыз күй кешер еді. Яғни қазақтың мұртын балта шаппас еді!
Қысқасы, көсегеміз көбейсек көгереді. Өсіп-өнейік, ағайын!

2000ж. АЛМАТЫ. «Жас Алаш» газеті

Оқи отырыңыз

1 пікір

  1. Қарақат 10 Наурыз 2011 at 20:03

    Керемет!! Арине бүкіл әлемде өз ұлтын бір шаңыраққа жинап жатқан 3 мемлекеттің бірі біздің – ҚАЗАҚСТАН!! елбасының бұл саясаты – өте өскелең маңызға ие,дұрыс бағыт. осы саясатты қолдап, терең түсініп, мақсатын айқындай түсу үшін қалам тербеп отырған Дукен Мәсімханұлы ағамыздың бұл шығармасы, әрине, жүрек тебірентерлік екен!

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!